МИЛЛИОНЕР ҚАЛАНЫ ҰЙЫСТЫРАТЫН ЖОБА
Шымкент — республикалық маңызға ие үшінші қала. Бүгінде миллионнан астам тұрғыны бар қалаға жаңадан қосылған және шалғай орналасқан аумақтардағы тұрғындарға ерекше назар аударылып отыр, деп хабаралайды uakit.kz.
Тамыз айының 1-не басталған ілкімді жоба қазанның 16-на дейін жүзеге асырылмақ.
Жоба аясында бірқатар жұмыс атқарылып отыр. Мәселен, жаңадан қосылған және шалғай орналасқан аумақтардағы тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру мақсатында кездесулер ұйымдастырылып жатыр. Сонымен қатар, танымдық, спорттық сайыстар арқылы тұрғын алаптардағы халықты қала өміріне бейімдеу жұмыстары қолға алынып отыр. Бұл дегеніміз қала өміріне бейімдеу ғана емес, оларды өзара бір-біріне жақындастыру, байланыстыру болып табылады.
Аталмыш аймақтың жастары мен қыз-келіншектері арасында спорттың 5 түрінен жарыстар өткізілді. Ал, мемлекеттік мекеме қызметкерлері өңірдің үлгі тұтар азаматтарымен кездесулер ұйымдастырып, олар өз кезегінде тұрғындардың көкейтесті мәселелерімен етена танысуға мүмкіндік алды.
Жобаны діттеген мақсатына жеткізу үшін тұрғындармен қатар, жергілікті полиция қызметкерлері, білікті психологтар, аудан әкімшіліктері мен қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма мамандары атсалысып келеді. Яғни, түрлі іс-шаралар арқылы қалаға жаңа қосылған және шалғай аймақтағы жас ұрпақты талапты да тапқыр, талғампаз да терең ойлы, төзімді дүниетанымды етіп тәрбиелеу көзделіп отыр.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Осы бағытта Шымкент қаласындағы жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында да бірқатар шаралар қолға алынған. Бүгінде қала аумағында жалпы саны 346 алаңша жұмыс істеп тұр. Аталған алаңшада бүгінде бірнеше спорттық іс-шаралар ұйымдастырылуда.