ГАЗ ҚЫЗМЕТІ ТҮРҒЫНДАРҒА ЕСКЕРТУ ЖАСАЙДЫ
Бүгінде алаяқтар көбейіп кетті. Олар түрлі тәсілді тауып алып, қаншама адамды сан соқтырып жатыр. Адамдарды алдау арқылы ақша табудың қыр-сырын меңгеріп алған әккілер газ құбырлары мен желдеткішті тексеруді де «кәсіп көзі» ретінде көретін факторлар тіркелген. Жылыту маусымының басталуы иек астында тұр. Мұны желеу етіп, алаяқтар «газ қызметіненбіз» деп есік қаққанда алданбас үшін не істеу керек?
Бұл сұраққа uakit.kz жауап іздеу үшін Түркістан қаласы «Газ инспекциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің инспекторы Жанболат Тұяқбаевты сөзге тартады.
Өз кезегінде аталған мекеме инспекторы Жанболат Ділдәбайұлы төмендегідей жауап береді.
– Түркістан қаласы бойынша ішгі газ жүйелеріне қызмет көрсетуге мамандандырылған 50-ге жуық мердігер мекеме бар. Олардың қызметіне жүгінген кезде тұрғын үй иесі міндетті түрде келісім шартқа отыруы тиіс. Иә, әккі адамдардың ішгі газ жүйелеріне қызмет көрсетуге мамандандырылған мекемеденбіз (ВДГО, ВДС) деп тұрғындарды алдап соққан жағдайлар болған. Бірақ аталған мекеме өкілдері міндетті түрде газ жүйелерін тексеру бойынша хаттама толтырады. Газ жабдығына жалғанған құрылғылардың саңылауы бар немесе жоқтығына көз жеткізеді. Мұржаны тексереді. Сонымен қатар олардың өздерімен бірге хаттама қағазы болады. Мөрі, түбіртегі және жеке куәліктерін көрсетеді. Дегенмен де, қандай құжаттарды ұсынса да, тұрғын үй иелері олардың қызметіне күмәнмен қараса ішгі газ жүйелеріне қызмет көрсетуге мамандандырылған мекеме қызметкерлері жоғарыда аталған құжаттардан бөлек, өздерінің жұмыс орны мен қызмет көрсетуші бойынша берілген лицензияларын көрсетуге міндетті.
Осылай деген Жанболат Тұяқбаев олар кәсіби маман болмағандықтан қауіпсіздік талаптары туралы бұрыс ақпараттар беруі де мәз емес екенінін, салдарынан өкінішті жағдайлар орын алуы әбден мүмкін екенін де атап өтті.
Одан өзге ол тұрғын үй иелері қандай мекемемен қызмет көрсетуін тек өзі таңдауға құқылы екенін де ескертеді. Тек келісім шарт жасалған кезде құжатта түбіртек, мөр, директордың қолы болатынын қаперден шығармауды баса айтады. Егер тұрғындар каспи қосымшасы арқылы белгілі бір азаматқа ақша аударған болса, бұл туралы түбіртекке жазылуы тиіс екенін де ескертеді. Сонымен қатар ол «қандай жағдай болмасын тұрғын үйге газ жүйелерін тексеруге келген адамның қызметтік куәләгін талап етуді немесе қай компаниядан келгенін сұрап, сол жерге қоңырау шалу артық болмайтынын біле жүріңіз. Сондай-ақ тексеріп келген адамнан көршілердің де мәліметтері жазылған тізімді сұрауға болатынын, себебі заңды тексеріс бір көшеде, бір үйде толығымен жүргізіледі. Үй ішіне тек бір қызметкерді ғана кіргізіңіз. Оны жалғыз қалдырмаңыз. Газ жүйелерінен қандай да бір ақау табылса, акт жасауды талап етіңіз. Ақшаны алдын ала төлемеңіз. Төленген қаржы үшін түбіртек сұраңыз»,-деп ескертеді.