ШЫМКЕНТ — СПОРТПЕН АЙНАЛЫСУҒА ҚОЛАЙЛЫ МЕКЕН
Шымкентте қалалық, республикалық және халықаралық турнирлер ұйымдастырылған. Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығының брифинг залында Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Uakit.kz.
Шымкент қаласында 2022 жылдың 9 айында өткізілген іс-шараларға тоқталып өтсек, әр түрлі жас ерекшеліктері арасында спорт түрлері бойынша 29 қала чемпионаттары өткізілді. Өткізілген чемпионаттарға барлығы 4350 спортшы қатысты. Қаламызда спорт түрлерінен 29 Қазақстан Республикасының чемпионаттары және 9 республикалық жарыстар өтті. Аталған іс-шараларға Қазақстанның барлық өңірлерінен 13800-ге жуық спортшылар мен жаттықтырушылар қатысты.
Сондай-ақ, өңірімізде ауқымды іс-шаралардың бірі теннистен «ATP SHYMKENT CHALLENGER 80» халықаралық турнирі өтті. Аталмыш жарысқа 20 мемлекеттен келген 60 спортшы бағын сынып, өз мемлекетінің намысын қорғады.
Сонымен қатар, қала тұрғындары мен әр түрлі сала қызметкерлері арасында 27 бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізілді. Бұл іс-шараларға 17300 жуық адам қамтылып, бұқаралық спортқа өз үлестерін қосты.
Бұқаралық спортты дамыту мақсатында қаламызда өткен бұқаралық-спорттық іс-шаралар айтар болсақ, мектеп оқушылар арасында «Жастар лигасы» ұйымдастырылды. Аталмыш лиға биыл II-маусымын өткізуде.
Жастар лигасы жобасына деген қызығушылық жылдан жылға артып келеді. Өткен жылы 140 мектеп қатысқан болса, биылғы біріншілікке спорттың төрт түрінен қаладағы 151 орта мектептен 6 мыңға жуық оқушы қатысып, өз бақтарын сынады.
«Жастар лигасы» жеңімпаздарына, яғни 4 командаға су жаңа шағын автобустың кілті табысталды.
Атап айтқанда, шахматтан Өмірбек Жолдасбеков атындағы №9 IT мектеп-лицейі иеленсе, баскетболдан М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясының бағына бұйырды. Ал, волейбол спортынан Әл-Фараби атындағы №113 жалпы орта білім беру мектебі қанжығасына байласа, футболдан Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы жеңімпаз атанып, көлік кілттері табысталды.
Қазіргі уақытта, Шымкент жастар лигасының ІІІ маусымының (2022-2023 ж.ж. оқу маусымы аралығында өткізеледі) ашылу рәсімі өткізіліп, спорт түрлері бойынша жарыстар ойын кестесіне сәйкес өткізілуде.
Айта кетейік, Жалпы қалада дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын азаматтар саны 402 544 адамды немесе қала тұрғындарының жалпы санының 36,2 пайызын құрайды.