ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС МҮШЕЛЕРІ КӘСІПОРЫН ҰЖЫМЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылдың қыркүйек айында жариялаған Жолдауын түсіндіру мен алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар жайын қоғамға түсіндіру бағытында түрлі жиындар ұйымдастырылып жатыр. Күні бүгінге дейін Шымкент қаласында дәл осы мақсатты көздейтін бірнеше кездесу өтті. Осы аптада Шымкент қалалық қоғамдық кеңес мүшелері мегаполистегі кәсіпорындарды аралады.

Қоғамдық кеңес мүшелері барған мекеменің бірі – «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Әлем-БТ» кәсіпорны. Мекемеде өткен жиында мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған басым бағыттар жайы сөз болды. Кездесу барысында қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметұлы «Қазақ халқында «Сананы тұрмыс билейді» деген сөз бар. Мемлекет басшысы Жолдауында осы мәселені көтеріп, экономикаға баса назар аударды. Ел экономикасын дамытуға Жолдаудың тұтас бір тарауы арналды. Сөздің тоқетеріне келсек, шағын және орта бизнеске қолдаудың маңызды екенін, оның ішінде банктер секілді қаржы институттары да жұмыс істеп, қолдау көрсетулері тиіс. Қазақстандағы кәсіпорындар елді өз өнімдерімен қамтамасыз ететіндей жағдай жасалуы керек. Біздің де ойымызша, банктер қаржыны төмен пайызбен кәсіпкерлерге берсе, бизнеске де, тиісінше, елге де пайда болар еді. Президент Жолдауының едәуір бір бөлігі саяси өзгерістерге, оның ішінде Президент және парламент сайлауына арналды. Ал парламент дегеніміз – елге қажет заң шығаратын орган. Сол парламент сайлауы келесі жылы өтеді деп күтілуде» деді.

Қоғамдық кеңес мүшелері кәсіпорын басшыларымен де тілдесіп, жұмысшыларға жасалған жағдай мен компанияның экономикалық саясаты турасында пікір алмасты. Жалпы «Әлем-БТ» шұлық фабрикасы өңірдегі ғана емес, күллі республикадағы іргелі де ірі кәсіпорындардың бірі саналады. Компания басшылығының сөзіне сенсек, өнімдерінің 95 пайызы экспортқа шығарылады. Бұған дейін мемлекет басшысының өзі Жолдауда тілге тиек еткен міндеттер мен бастамаларды жүзеге асыру бойынша да бірқатар жиындар өткен болатын. Онда спикерлер болашақта жүзеге асатын жұмыстар жайын сөз етсе, тұрғындар тарапы өздерін мазалаған сауалдарын қойып, жауаптарын алды. Алдағы уақытта та аталған бағытты көздейтін жиындарды ұйымдастыру жалғасады.