ЖОЛДАУДА ЭКОНОМИКАНЫҢ ӨРКЕНДЕУІНЕ ЫҚПАЛ ЕТЕР БАСТАМАЛАР ЖАЙЫ АЙТЫЛДЫ

Шымкент қаласында кәсіпкерлік сала жоғары қарқынмен дамып келеді. Бүгінде шағын және орта бизнес арқылы табысын тауып, отбасын асырап отырған азаматтардың да қатары қалың. Сәйкесінше, кез келген қоғамда еңбек адамының орны айрықша. Осы орайда, мемлекет басшысының қыркүйек айында жариялаған Қазақстан халқына Жолдауында айтылған басым бағыттар дәл осы кәсіпкерлік салада қызмет етіп жатқан азаматтарға толықтай түсіндіріліп жатыр.

Атап айтқанда, құрамына қоғамдық кеңестің мүшелері кіретін ақпарат-насихат тобының өкілдері «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Lux shoes» кәсіпорнының жұмысшыларымен кездесті. Онда ел президентінің Жолдауда тілге тиек еткен бастамалары мен міндеттері сөз болды. «Биылғы 5 маусымда жалпы халықтық референдум өтіп, еліміздің Ата заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені белгілі. Ал жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында президент сайлауы мен парламент сайлауы өтетініне тоқталды. Бұл – елімізде соңғы жылдары орын алып жатқан саяси реформалардың жалғасы іспетті оқиғалар. Өздеріңізге белгілі болғандай, ел Президенті 7 жыл мерзімге бір рет сайланады, заңдарға тиісті өзгерістер енгізілді. Мұны айтып отырған себебіміз, «Сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» деген сөз бар. Сондықтан, еліміздің әр азаматы қоғамдағы өзгерістерден хабардар болып отырғаны да дұрыс. Көбіңіз ұл-қыз өсіріп отырған боларсыздар, Президент Жолдауында айтылған маңызды жаңалықтың бірі – Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысы еліміздегі кәмелет жасқа толмаған балалардың арнайы шотына 18 жасқа дейін аударылып отыратын жаңалық та бұрын-соңды елімізде болмаған. Бұл да болса халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты қадамдардың бірі деп санаймын» деді өз сөзінде Шымкент қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Шалатай Мырзахметов.

Жалпы «Lux shoes» ЖШС үшінші мегаполистегі 2500 шаршы метр аумақты алып жатқан үлкен кәсіпорындардың бірі саналады. Тартылған инвестиция көлемі 693 млн теңгені құрайды. Аяқ киім мен табан шығаратын кәсіпорын жылына 120 мың жұп аяқ киім мен 150 мың жұп табан шығаруға қауқарлы. Бүгінде 55 адам дәл осы мекеме арқылы табыс тауып отыр. Кәсіпкерлік нысанның өнімдері нарықта бәсекеге қабілетті. Сапалы отандық өнімнің көбеюі мен дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқанын да айта кету керек.