ҰРПАҚ САБАҚТАСТЫҒЫ — ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ

117
0

ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру және түсіндіру бойынша «Нашақорлық – қоғам дерті» тақырыбында кездесу өтті, деп хабарлайды Uakit.kz. 

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы болашақ ұлт саулығына зор қауіп төндіруде. Синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс, деп атап өткен болатын. Бүгінде есірткісіз қоғам құру мақсатымен өмір сүру – Қазақстанның әр азаматының алдында тұрған міндет.

Осы мақсаттта Шымкент қаласы, Қаратау ауданының жастармен жұмыс жүргізу бөлімі ғимаратында болған жиынға мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Тұрниязұлы, Шымкент қаласының құрметті депутаты Хайрулла Сәрсенов, Қаратау ауданы жастар ресурстық орталығының басшысы Бекзат Төлебай және студенттер қатысты.

Күн тәртібінде талқыланатын мәселе бойынша спикерлер «Нашақорлық – қоғам дерті» тақырыбында студенттерге түсіндірме жұмысын жүргізіп, зиянды нәрседен аулақ болуға шақырды.

–Тәуелсіздігімізді алғанға дейін нашақор деген сөз жат ұғым еді. Зиянды затқа тәуелділік адам тағдырын құртып қана қоймай, бір отбасыны қиратуы мүмкін. Президент Жолдауда бұл мәселені де назардан тыс қалдырған жоқ. Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы үш жылда тәркіленген синтетикалық есірткінің көлемі 10 есе артқан. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел. Сонымен қатар, есірткіге тәуелділік күн өткен сайын өмір сүру деңгейін төмендетіп, өлімге алып келуде. Сондықтан, бұған тосқауыл қоймасақ, жайлап кету қаупі көп. Жастарға айтарым, зиянды әдеттерден аулақ болып, өз денсаулықтарыңды күтіп, жат қылықтан сақтанғандарың өздеріңе жақсылық әкелері сөзсіз, — деді Еркін Сатқанбаев өз сөзін жастарға арнап.

Сонымен қатар, спикерлер сананы улаған кеселге тап болғандардың өмірі қиындай түсетінін ескертіп, жастарды білімді болуға шақырды.
–Нашақорлыққа әуес болған адамның одан құтылуы екіталай. Сондықтан жақсы нәрсені көп үйреніп, жаманнан жиренсеңдер, болашақтарың үшін пайдасы зор. Біз қазір дамыған заманда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан, білімді арттырып, қоғамның үлгілі азаматы болыңдар. Дұрыс ұстанымды ұстап жүрген жастар тура жолдан адаспайды,-деді сөз алған Хайрулла Сәрсенов.

Қаратау ауданы Жастар ресурстық орталығының басшысы Бекзат Төлебай келген қонақтарға өз алғысын айтып, танымды, тәрбиелі кездесу болғанын жеткізді. Алдағы уақытта еркін форматтағы іс-шаралардың жүзеге асатынын жеткізді.