ЖУЫРДА ҒАНА АШЫЛҒАН ОРТАЛЫҚТЫҢ ҚЫЗМЕТІНЕ ЖҮГІНУШІЛЕР КӨБЕЙГЕН

103
0

Шымкент қаласында «Ерекше балалары бар ата-аналар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі қалалық филиалының таныстырылымы өтті. Енді ерекше баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар «TEN QOGAM» орталығында орналасқан қоғамдық бірлестікке тіркеліп, әлеуметтік және медициналық тұрғыда кеңестер ала алады. Мұндағы мамандар ата-аналарға ақпараттық қолдау көрсетумен қатар, мәселелерінің шешілуіне де атсалыспақ.

Аталған салтанатты шараға Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Е.Айтбаев пен «Ерекше балалары бар ата-аналар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Р.Сағадиева қатысты. Сонымен қатар еліміздің 8 өңірінен келген бірлестік филиалдарының директорлары төбе көрсетті. Жиында сөз алған Рауана Сағадиева «Қазан айының екінші жексенбісі мүгедектер күніне орай біз орталығымыздың жаңа мекен-жайын таныстыруды жөн көрдік. Қоғамдық бірлестік мамыр айында ресми тіркеліп, өз жұмысын бастады. Бүгінде еліміздің 14 өңірінде бөлімшелер ашылып, ерекше балалар мен олардың ата-анасына көмек қолын созу мақсатында тынымсыз еңбек етіп келеміз. Ал Шымкент қаласындағы филиал шілде айында ресми тіркеліп, тамыз айынан бастап жұмыс істеп отыр. Қазақстанда түрлі мақсатта құрылған үкіметтік емес ұйымдар жетерлік. Алайда, ерекше баланың анасы ретінде ондай баланың және оған қарап отырған ата-ананың қоғамда түрлі кедергілерге кезігетіні белгілі. Біздің мақсатымыз — ерекше балаларды жас ерекшелігіне, диагнозына қарай бөлмей тіркеп, олардың оңалту, емдеу шараларына көмек беру. Сонымен қатар, ерекше балалардың басым көпшілігі толық отбасынан емес. Иә, баласының денсаулығына анасын кінәлап, айырылысып кетіп жататындар да жетерлік. Туған-туысының демеуінсіз, жұмыссыз, ерекше балаға қарап отырған анаға да жан-жақты қолдау қажет. Тағдырлас жандарды тәжірибе алмастырып, олардың өздерін ары қарай дамытуына жол ашпақпыз. Біздің орталық осы мәселелерді кешенді шешудің жолдарын қарастырып отыр» деп атап өтті.

Маңғыстау, Орал, Өскемен, Алматы, Астана, Тараз, Қызылорда, Кентау қалаларынан келген филиал басшылары басқосу барысында өз тәжірибелерімен бөлісіп, ойларын ортаға салды. «Шілде айының соңынан бастап белсенді жұмыс істеп келеміз. Шымкент қаласында ресми тіркелген көмекке мұқтаж 7156 бала бар. Бүгінге дейін орталыққа 200 ата-ана мен 320 бала тіркеліп үлгерді. Біздің жұмысымыздың маңызын түсініп, қолдау білдіріп отырған жергілікті билік өкілдеріне алғысымыз шексіз. Екі ай ішінде 13 басқармамен меморандумға отырып, ата-аналарымыз бен балалар алғашқы көмектерін алып үлгеріп жатыр. Мәселен, 3 жылдан астам баласының дерті бойынша мүгедектігін растайтын құжатын реттей алмай жүрген келіншектің құжатын рәсімдеуге көмектесіп, бұйыртса балаға мемлекет қаржысына 8 ота жасау жоспарланып отыр. Алдағы уақытта да ата-аналардан көмегімізді аяп қалмаймыз» деді «Ерекше балалары бар ата-аналар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалы жетекшісі Гүлмира Үсенбекова.