ШҰҒЫЛА ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ШЕШІЛУДЕ

71
0

Абай ауданына қарасты, Шұғыла шағынауданында 728 отбасы қоныстанған болса, халық саны 3820 адамды құрайды. Бүгінде шағынаудан сапалы электр қуатымен, ауыз сумен, және табиғи газбен толық қамтылған.

Шұғылада жалпы саны 16 көше бар, 16 көшеге де толығымен асфальт жабыны төселген, және толық пайдалануға берілген. Жарықтандырылған көшелер саны – 4. Сапалы интернетпен қамтамасыз ету мақсатында талшықты оптика желісі орнатылған. Жалпы үшінші мегаполис аумағындағы сапалы электр жарығы, ауыз су, көгілдір отын мен жол мәселелерін бір жылдың ішінде толықтай шешіп тастау мүмкін емесін айта кету керек. Оны шешу кезең-кезеңмен жүзеге асады. Десе де осы түйткілдер халыққа кеңінен түсіндірілуі тиіс. Осы орайда, жуырда Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Булатбеков Достық пен Солтүстік саяжай шағынаудандарына барып, халықпен кездесті. Онда шағынаудан тұрғындары басқарма басшысына өздерін толғандырған сауалдарды қойып, жауаптарын алды. Жекелей тоқталар болсақ, қазіргі уақытта Достық мөлтек ауданының жаңақұрылыс аумағында жобаға енбеген 320 тұрғын үй бар. Әйткенмен аталған өңірдегі мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып келе жатыр. Атап айтсақ, өткен жылы тұрғындар сапалы ауыз сумен қамтылса, бүгінде электр желілерін тарту құрылысы аяқталуға таяды. Басқарма басшысы мердігер мекемеге құрылыс жұмысын ағымдағы жылдың 1 қарашасына дейін толық аяқтауды тапсырды. Содан кейін «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС тарапынан абоненттеу жұмысы жүргізілетін болады. Ал табиғи газбен қамту бойынша жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылысы 2023 жылы аяқталады. Тұрғындардың өтінішіне сәйкес, Достық мөлтек ауданындағы Гүлдер-ай көшесі жыл соңына дейін жарықтандырылатынын айта кету керек.

Солтүстік саяжай шағынауданының мәселесіне келсек, тұрғындар қала әкімі Мұрат Әйтеновтың қабылдауында табиғи газ тарту түйткілін көтерген болатын. Енді басқарма басшысы тұрғындармен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады. Оның сөзінше, Солтүстік саяжай елді мекенін табиғи газбен қамту құрылысы ағымдағы жылдың мамыр айында басталған. Жыл соңына дейін тұрғындар рет-ретімен көгілдір отынға қосылады.