АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАБУДА
Шымкент қаласына қарасты Тоғыс тұрғын алабының тұрғындары шаһар басшысы Мұрат Әйтеновпен жүздесті. Жалпы үшінші мегаполис әкімі күні бүгінге дейін қала аумағына қарайтын елді мекендердің тұрғындарымен тілдесіп, сауалдарына жауап беріп келеді. Мұнымен ғана шектелмей, тұрғындар тарапынан айтылған түрлі мәселелер бойынша дер кезінде тапсырмалар беріп, олқылықтардың орны толтырылуына септін болуда. Бұл жолы қала әкімі тоғыстық тұрғындармен тілдесіп қана қоймай, өңірде атқарылған жұмыстардың сапасын да бақылап қайтты.
Бүгінде Тоғыс тұрғын алабында 7000 мыңнан аса тұрғын тұрады. Негізгі мекемелер, яғни мектеп, балабақша, мәдениет үйі, дәрігерлік амбулатория, спорт және балалар ойын алаңшасы, тағы да басқа әлеуметтік нысандар қарастырылған. Бұл бойынша түйткіл жоқ. Әйткенмен атқарылуға тиіс біршама жұмыстар бар. Солардың бірі — ұңғыма салу. Бұл өз кезегінде Тоғыс, Айнатас, Елтай елді мекеніндегі 11 мыңға жуық халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды. Тоғыстан 73 метрлік су ұңғымасы қазылып, болат құбырлар салынуда. Аталған су ұңғымасы қосымша ұңғыма ретінде жаз айларында қолдану үшін керек. Қала әкімі тексеру барысында жұмыстың белгіленген мерзімінен кешікпей, сапалы орындалуына күш салу қажетін айтып, жауапты мекемелерден нәтижелі жұмыс көрсетуін талап етті. Жалпы Тоғыс жұрты ауыз судан тапшылық көрмеген. Қамтылу көрсеткіші 98,5 пайызды құрайды. Сол сияқты электр жарығын тұтынушылар да 99% шамасында. Биыл 11 абонентті жарықпен қамту үшін жаңадан бағаналар орнатылып, электр желілері тартылды. Табиғи газбен қамтылу көрсеткіші де 98 пайыз шамасында. Тек жаңақұрылыс аумағындағы тұтынушылардың мәселесін шешу үшін келесі жылы жобалық сметалық құжаты әзірленеді. Мұндағы жолдарға да аса назар аударылуда. Былтыр 2 көше Ақмая мен Айыршық орташа жөндеуден өтсе, биыл 4 көшеге асфальт төселді. Жалпы мұнда 18 көше бар. Жарықтандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асып келе жатқанын да айта кету керек.