ҚАЛА ӘКІМІ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫН БАҚЫЛАДЫ

87
0

Шымкент қаласына қарасты Тұран шағынауданын сапалы электр қуатымен қамту жұмыстары былтырдан бері жүргізіліп келе жатыр. Осы орайда, атқарылған жұмыстардың сапасын бақылау әрі тұрғындардың мәселелерін тыңдау үшін үшінші мегаполис әкімі Мұрат Әйтенов аталған шағынауданға барды.

Шағынауданды сапалы электр жарығымен қамту жұмыстары 2 кезеңге жобаланған. Бүгінге дейін 86% орындалып, қалған жұмыс қазан айында толық аяқталады. Одан соң абоненттеу жүргізіліп, 3058 тұтынушы сапалы электр қуатымен қамтылады. Бұған қоса жалпы ұзындығы 11,6 шақырымды құрайтын магистралдық кәріз коллекторының құрылысы бітті. Қазіргі таңда ішкі орамдық кәріз жүйесі салынуда, жыл соңына дейін аяқталатын болады. Бұдан кейін Мұрат Дүйсенбекұлы Тұрандағы газ құрылысын тексерді. Екінші кезек бойынша жұмыстың 90 пайызы орындалып, қазан айы басталғанша №14-29 кварталда орналасқан көпқабатты және 504 жеке тұрғын үй көгілдір отынмен қамтылады. Ал үшінші кезек бойынша, құрылыс жұмысы ағымдағы жылдың мамыр айында басталған. Бүгінгі күнге 40 пайызға атқарылды. Жалпы Тұран шағын ауданындағы 2554 тұрғын үйге 2023 жылы газ құбыры толық тартылып бітеді. Жұмыстардың жоспарғай сай және сапалы орындалуын талап еткен қала басшысы жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берді. Жалпы Тұранда орта мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген еді. Енді балалар 1200 орындық білім ордасында екі ауысыммен оқиды. Бұл мектеп типтік негізде салынған, ашық спорт алаңшасы бар. Ал бөбекжайлар мен балабақшалар мемлекеттік жан басына қаржыландыру негізінде жекеменешік нысандардың көмегімен жүзеге асырылып отыр. Жаңа шағынаудандағы қуанышты жаңалық жаңа білім ұясы ғана емес. Көпқабатты үйлердің ауласына бүлдіршіндерге арналған ойын және спорт алаңшалары да салынған. Мәселен, 192 орамдағы 16 көп қабатты үйдің алдына 8 кешен орналасқан. Яғни әр 2 көпқабатты үйдің балалары өз ауласынан алыстамай, ата-анасының көз алдында ойнайды. Сондай-ақ игі іс биыл да жалғасын тауып жатыр. Қаратау аудандық қоғамның орта сапасын дамыту бөлімінің бас маманы Спандияр Ораловтың айтуынша, жыл соңына дейін тағы 4 ойын және спорт алаңшасы бар кешен ел игілігіне берілмек.«Тұран күн санап түрленіп келе жатыр. Шағынауданға алғашқылардың бірі болып қоныстандық. Ол кезде жол, қоғамдық көлік сынды мәселелер шешілмеген еді. Қазіргі уақытта мұндай проблемалар шешілген. Әсіресе, балалар үшін ауламызда ойын алаңшаларының ашылып, тренажерлердің орнатылуы қуантып жатыр. Кішкентай бүлдіршіндеріміз көз алдымызда ойнап, жасөспірім ұлдарымыз бұқаралық спортпен айналысып, шынығып жүр. Осындай жайлы ортада өсіп келе жатқан бүлдіршіндеріміз бақытты. Келешекте шағынауданда саябақ, аллея сынды демалыс орындары ашылып, мұнан да көркейе түсер деген сенімдеміз» дейді шағынаудан тұрғыны Ұ.Сыпатаева.