«CAPITAL CITY» ТҰРҒЫН ҮЙ КЕШЕНІ САЛЫНЫП ЖАТЫР

Шымкент қаласы үлкен құрылыс алаңына айналған. Көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеруде. Сәйкесінше, қаланың архитектурасына қайталанбас үлгілер арқылы үлес қосатын аталған нысандардың сапасы да қатаң бақылауда. Себебі үйлер дер кезінде, сапалы күйде тұрғындарға тапсырылуы керек. Осы орайда, әкімдік бақылауды күшейтіп, құрылыс алаңдарына барып, тексеруді жиілеткен.

Бұған дейін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың құрылыс алаңдарына барып, орын алған олқылықтар бойынша тиісті сала басшылары мен құрылыс компанияларына тапсырмалар жүктеп жатқаны турасында тарқата жазған едік. Бүгінде құрылыс компанияларына қойылар талап та қатаң. Істің үдесінен шыққандар ғана бәсеке заманында жетістікке жетеді. Осы орайда, ісін иіріп әкетіп, бірқатар маңызды нысандардың құрылысын абыройымен бітірген құрылыс компанияларының баршылық екенін айта кету керек. Оның арасында тыңнан түлен тартатын идеялар да бар. Мәселен, бүгінгі таңда Шымкент қаласында 20 блоктан тұратын «Capital City» тұрғын үй кешені салынып жатыр.Тарқата айтсақ, бүгінгі таңда Шымкент қаласында айрықша архитектурасы бар 20 блоктан тұратын «Capital City» тұрғын үй кешені салынып жатыр. 12-25 қабаттан тұратын аталған ғимараттар алдағы уақытта қаладағы ең биік тұрғын үй кешені болады. «Шымкент сити» шағынауданынан бой көтеріп жатқан нысанның жалпы аумағы 5 гектарды құрайды. Құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Жаңа тұрғын үй кешенін көруге арнайы барған қала әкімі Мұрат Әйтенов мердігер мекемеге нысанның құрылысы барысында туындаған мәселелердің шешімінде  жан-жақты көмек көрсетілетінін атап өтті. Кешен жеке инвестор «Capital Invest Construction» ЖШС есебінен жүзеге асырылуда. Осылайша жақын болашақта 120 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделген. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. 1, 2, 3 блоктардағы 4, 5 қабаттың және 6 блоктағы 10 қабаттың қабырғаларын салу аяқталды. Енді инженерлік желілер тартылып, бөлме аралық қабырғалары қаланады. Айта кету керек, жоба бойынша 1,5 га алаң абаттандырылады. Нысан құрылысы толық аяқталса, қаладағы сәулеті мен сапасы жарасқан бірегей нысандардың біріне айналары хақ.