БІЛІМ САПАСЫ БАСТЫ НАЗАРДА

101
0

Білім саласының маңызы мен өзектілігі жайында жиі жазып келеміз. Аталған саланың ел дамуындағы алар орны да айрықша. Сондықтан болар жаһанның алпауыт мемлекеттерінен бастап бұл салаға ерекше көңіл бөліп келеді. Білім саласы салтанат құрған елдің бүгіні берекелі, болашағы жарқын болары бесенеден белгілі. Бұл тұрғыдан келгенде, елімізде бірқатар игі бастамалар көтеріліп, жүзеге асып келе жатыр

Соңғы жылдары салада үлкен серпіліс болғаны да жасырын емес. Ұстаздар қауымының жалақысы өсіп, біліктіліктерінің артуына да үлкен мүмкіндік жасалуда. Тозығы жеткен білім ордаларының ғимараттары да күрделі жөндеуден өтуде. Десе де мәселе мұнымен толық шешілді дегеннен аулақпыз. Бүгінде орын тапшылығы мәселесі бар. Әйтсе еліміздің әр өңірінде аталған түйткілдің түйінін ағыту мақсатында қырауар іс қолға алынуда. Мәселен, Шымкент қаласында күні бүгінге дейін бірнеше жекеменшік мектептер ашылды. Нәтижесінде бірнеше ауысыммен оқитын білім ордаларының саны азайып келеді. Ал жаңадан бой көтерген білім ордаларына шаһар басшысы Мұрат Әйтеновтың өзі арнайы барып, білім мекемесінің мүмкіндіктерімен кеңінен танысуда.

Жуырда қала әкімі үшінші мегаполистегі Тұран шағынауданында ашылған «Зияткер Тұран» мектебіне барды. Білім ошағы 816 орынға лайықталып, 3 қабатты типтік үлгіде салынған. Қазір мұнда 340 оқушы 1 ауысымда оқуда. Мектепті аралау барысында Мұрат Дүйсенбекұлы «Кәсіпкерлердің білім саласындағы инвестициялары бұл салада бәсекелестіктің дамуына септігін тигізеді. Ал бәсекенің сапаны арттырары анық. Сапалы біліммен ғана саналы шәкірт тәрбиелей аламыз» деп атап өтті. Аталған білім ордасы Қаратау ауданы, Тассай тұрғын алабы, 301/3 ғимаратта орналасқан. Жалпы бүгінгі таңда жан басына қаржыландыру жүйесімен Шымкентте 31 225 оқушы 87 жекеменшік мектепте дәріс алуда. Ал мемлекеттік 151 білім ұясында оқитын оқушылар саны биыл 216 735-ке жетті.