ШЫМКЕНТТЕГІ ЖОЛАЙЫРЫҚ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫН АЛҒАН
Бүгін жолайырық жұмыстарын аралап шыққан шаһар басшысы аталмыш нысанның көлік қозғалысын реттеудегі маңыздылығын атап, құрылыс жұмыстары сапасын тексерді, деп хабарлайды Uakit.kz.
Үш деңгейлі жолайрық құрылысы 2022-2023 жылдар аралығында қаланың көлік қозғалысын реттеудің кешенді жоспарына сәйкес жүзеге асуда. Жолайырық құрылысы аяқталғанда, көлік өткізгіштік деңгейі екі есеге артпақ. Жобаның техникалық сипатына орай Бәйдібек би даңғылы бойынан 700 метр, Арғынбеков көшесі бойынан 921 метр жол аралығы құрылыс аумағына енгізілген. Жолайырықта ені 80 метрлі төрт-алты жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселеді деп жоспарлануда.
Қазіргі уақытта жолайырықтың Арғынбеков көшесі бойында тіреу қабырғаларын орнату және Бәйдібек би даңғылы бойында көпір өткелі конструкциясының негіздері темір-бетонды тірек конструкцияларының құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Естеріңізде болса, 6-шілде күні, Бәйдібек би даңғылы бойында көлік қозғалысы тоқтатылған болатын. Ал. Тамыз айының 31 күні көлік жүктемесін азайту мақсатында Бәйдібек би даңғылының бойымен бір бағыттағы жол солтүстікке қарай уақытша ашылған-ды. Ендігі кезекте, жұмыстарды ыңғайластыра отырып Қараша айында нөмірі 1 және нөмір 4 оң жақ өткел жолында көлік қозғалысын ашу жоспарланған.
Айта кету керек, шаһар басшысы Мұрат Әйтенов Өтегенов көшесінде жалғасып жатқан жол құрылысы жұмыстарымен де танысты. Бүгінгі таңда жол құрылыс жұмыстары екі кезеңмен жүргізілуде. Бірінші кезең Шымкент Сити шағын ауданынан бастап Сырым батыр көшесі аралығын қамтитын болса, екінші кезең Сырым батыр көшесі мен Төлеметов көшелерінің аралығы қамттын болады. Былтыр яғни 2021 жылы басталған құрылыс жұмыстарына кіріскен мердігер мекемелер 2023 жылы толығымен аяқтауды жоспарлап отыр.