ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРЛЕР НАСИХАТТАЛДЫ
Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен тәуелсіз еліміздің салт-дәстүрлерін дәріптеу, ұлттық және патриоттық сананы қалыптастыру мақсатында «Тарихи күндер тізбегімен» атты февтивалінің қорытынды кезеңі өтті. Шара 25 қазан – Республика күніне орай ұйымдастырылды. Салтанатты кеште Шымкент қаласының жоғары оқу орындарының жастары өз өнерін көрсетіп, дарындылығымен көзге түскен қатысушылар бас жүлдені иеленді.
«Жастар арасында «Тарихи күндер тізбегімен» атты фестивалі 3 күн бойы жалғасты. Алғашқы күні ер жігіттеріміз ұлттық ойындар бойынша сайысқа түскен болса, екінші күні ару қыздарымыз ұлттық тағамдарын әзірлеген болатын»,- деді Қаратау ауданы жастар ресурстық орталығының басшысы Бекзат Төлебай. Іс-шараға 14-29 жасқа дейінгі жастар қатысты. Оларға ұлттық нақыштағы киім үлгісінде болу міндеттелген. Ал фестивалдің әділ өтуін әнші, «Х фактор» өнер сайысының жеңімпазы Астана Қарғабай мен Жастар ресурстық орталығының басшы орынбасары Заманбек Орынбеков бақылады. Фестивальдің қорытынды нәтижесінде жан-жақты белсенділік танытып 1-ші орынға ие болған — Орталық Азия Инновациялық университеті жеңімпаз атанып, Жастар ресурстық орталығының атынан арнайы дипломмен марапатталып, ноутбук сыйлығына ие болды.Екінші орын — Ж. Ташенов атындағы университеті, үшінші орын — Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетіне бұйырды.
Айта кету керек, осы аптада 25 қазақ – Республика күні қарсаңында үшінші мегаполисте «Көк тудың желбірегені» атты патриоттық форум өткен еді. Шараны Шымкент қаласының Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Серпіліс» қоғамдық бірлестігі өткізді. Форум барысында мемлекеттік рәміздердің насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Үздік пост», «Үздік бейнеролик» және «Үздік іс-шара» байқауларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталып, оларға бағалы сыйлықтар табыс етілді.