«ЖАСЫЛ ЧЕЛЛЕНДЖ» ТҮРКІСТАНДА ЖАЛҒАСТЫ

115
0

 Қоршаған ортаның айрықша жоғары ластануы техногенді сипаттағы төтенше жағдай туғызады. Мұны алдын алу үшін жергілікті жерде көгал аумағын арттырудың маңызы зор. Осы бағытта Түркістан қаласында республикалық «Green challenge» (Жасыл челлендж) шарасы болды.

Бұл туралы uakit.kz Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстанның экологиялық қоры мұрындық болған экошара Түркістан қаласының Мырзахан Пошанов атындағы №21 мектебінде ұйымдастырылды.

Республика күні мерекесіне орай өткен шараға өңірдің әкімшілік қызметкерлері мен білім басқармасының өкілдері, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының басшылығы мен қызметкерлері, Қазақстанның экологиялық қорының мүшелері, мектеп ұжымы мен оқушылары, қоғам қайраткерлері қатысты.

Биыл Жеңіс күні қарсаңында Астана қаласының №43 қосымша білім беру мектеп орталығы алаңында бастау алған экошара Маңғыстау, Павлодар облыстарында жалғасып, енді челленджді киелі Түркістан өңірі қабылдады.

Қазақстанның экологиялық қорының президенті Айгүл Абдуалиеваның айтуынша, биыл елімізде «Жасыл челлендж» аясында мыңнан астам табиғат жанашыры еліміздің түкпір-түкпірінде ағаш отырғызған.

Айта кетейік, ағаш отырғызу республикалық шарасы «Жастар арасында экологиялық мәдениетті нығайту жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру» гранттық жобасы аясында Қазақстан Республикасы Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігі мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы және Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен өтуде.

«Жасыл челлендж» акциясы Түркістан қаласымен қатар, облыстың өзге де аудан, қалаларында жалғасын табатын болады.