ШЫМКЕНТТЕ РЕТСІЗ САУДАМЕН АЙНАЛЫСҚАНДАР АЙЫППҰЛ АРҚАЛАДЫ

72
0

Шымкентте ретсіз саудамен күрес жұмыстары тұрақты жалғасып келеді, деп хабарлайды Uakit.kz.

Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі) 204-бабына сәйкес, белгіленгеннен тыс орындарда сауда жасау – ескерту жасауға немесе бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін жыл ішінде қайталап жасалған әрекет – он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласының кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Б.Дуйсебеков 2022 жылдың 9 айында атқарылған жұмыстары бойынша БАҚ өкілдеріне берген баспасөз брифингінде айтты.

Шымкент қаласы әкімінің өкімімен қала аумағындағы ретсіз саудаға мониторинг жүргізу бойынша жұмыс тобы құрылды. Аталған жұмыс тобы қаладағы ретсіз сауда ошақтарында ретсіз сауданы жою мақсатында қала аумағындағы басты көшелерде белгіленбеген орындарда сауда жасаушы тұлғаларға ретсіз сауда қатарын реттеу бойынша тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізілуде. Жыл басынан қала аумағында Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-бабына сәйкес, 3943 хаттама толтырылды, оның ішінде 3039 ескерту, 904 айыппұл, 11 843 153 теңге айыппұл салынған.

Бүгінгі таңда, қала аумағындағы көшпелі сауда қала әкімдігінің «Шымкент қаласы аумағындағы стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру орындарын айқындау және бекіту туралы» 2022 жылғы 5 тамыздағы №1464 қаулысы арқылы жүзеге асырылуда. Жалпы орын саны – 45 орын. Абай ауданы – 13 орын, Әл-Фараби ауданы – 3 орын, Еңбекші ауданы – 13 орын, Қаратау ауданы – 16 орын. Аталған сауда орындарын орналастыруға тиісті талаптар қойылды. Сауда орындары ережеге сәйкес конкурстық негізде ұсынылады. Cондай-ақ, аталған сауда орындары қала көшелерінің жол жүру ережелеріне және қаланың Бас жоспарына сәйкес анықталды.