ШЫМКЕНТ: РЕТСІЗ ОРНАЛАСҚАН САУДА ОРЫНДАРЫМЕН КҮРЕС КҮШЕЙГЕН

71
0

Қала аумағындағы ретсіз орналасқан сауда орындары бірқатар түйткілді түйіндердің тууына себеп болатыны белгілі. Сондықтан онымен күрес жұмыстары қарқынды жүргізіліп келе жатыр. Жалпы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-бабына сәйкес, белгіленгеннен тыс орындарда сауда жасау – ескерту жасауға немесе бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін жыл ішінде қайталап жасалған әрекет – он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Шымкент қаласы әкімінің ағымдағы жылдың 25 тамызындағы №96-ө өкімімен қала аумағындағы ретсіз саудаға мониторинг жүргізу бойынша жұмыс тобы құрылған. Аталған жұмыс тобы қаладағы ретсіз сауда ошақтарында ретсіз сауданы жою мақсатында қала аумағындағы басты көшелерде белгіленбеген орындарда сауда жасаушы тұлғаларға ретсіз сауда қатарын реттеу бойынша тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізілуде. Жыл басынан қала аумағында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 204-бабына сәйкес, 3943 хаттама толтырылды, оның ішінде 3039 ескерту, 904 айыппұл, 11 843 153 теңге айыппұл салынған.

Бүгінгі таңда, қала аумағындағы көшпелі сауда қала әкімдігінің «Шымкент қаласы аумағындағы стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру орындарын айқындау және бекіту туралы» 2022 жылғы 5 тамыздағы №1464 қаулысы арқылы жүзеге асырылуда. Жалпы орын саны – 45 орын (Абай ауданы – 13 орын, Әл-Фараби ауданы – 3 орын, Еңбекші ауданы – 13 орын, Қаратау ауданы – 16 орын). Аталған сауда орындарын орналастыруға тиісті талаптар қойылды. Сауда орындары ережеге сәйкес конкурстық негізде ұсынылады. Cондай-ақ, аталған сауда орындары қала көшелерінің жол жүру ережелеріне және қаланың Бас жоспарына сәйкес анықталды.