ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА 3 МЫҢНАН АСА ОҚУШЫ БЦЖ РЕВАКЦИНАЦИЯСЫН АЛДЫ

Туберкулез ауруын алдын алу үшін жаңа туған сәбилерге БЦЖ екпесі салынатыны белгілі. Одан соң бала 6 жасқа толып, білім алу үшін мектеп табалдырығын аттағаннан кейін манту сынамасы қойылып, туберкулезге қарсы БЦЖ екпесі қайта салынады. Ағымдағы жылы Түркістан облысы бойынша 1-сыныпқа барған 34423 (98,4 %) оқушы БЦЖ ревакцинациясын алды. Оның ішінде 3050 бала Түркістан қаласындағы мектеп оқушылары.

Бұл туралы uakit.kz Түркістан қаласындағы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.                Туберкулез жұқпалы дерт. Сондықтан да ауруды алдын алу қоғам мен қоршаған орта үшін аса  маңызды.  Құрт ауруын ерте анықтау үшін   жылына кемінде  бір рет  флюорографиялық тексеруден өту керек.

Жыл басынан бері Түркістан қаласында бұл дертке шалдығу көрсеткіші өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда  төмендеген. Қалада жасөспірімдер арасындағы туберкулез жағдайы да біршама азайып отыр.

Туберкулез  өкпеде дамитын жұқпалы дерт. Ауру адамнан адамға жөтелгенде, түшкіргенде, қарым-қатынас жасағанда   жұғады.  Аса қауіпті жұқпалы туберкулез ауруының алдын алу үшін  салауатты өмір салтын ұстанып, үнемі сапалы тамақтану керек.  Қоғамдық орындарда  қақырынып, түкірінбеу де аурудың таралуын алдын алады. Өйткені туберкулезбен ауыратын адам өзінің ауырғанын білмей көпшілік арасында  түкірік немесе ауыз қуысынан өзге де  сұйықтық  шығарса, туберкулез бактериясы  таралып кетуі әбден мүмкін.

Өкінішке орай әлемге кең таралған бұл жұқпалы дерттің белгілері адам ағзасында бірден байқалмайды. Әдетте, ол ұзақ уақыт бойы ағзада дамып, көбіне өкпе тіндерін зақымдайды. Оның белгілерінің жүре келе пайда болатыны да сондықтан. Олар тоқтаусыз жөтелу, кейде қан аралас қақырық түсу, кеуде қуысының ауырсынуы, өз-өзін жайсыз сезіну, салмақ жоғалту, қалшылдау сынды белгілер.  Мұндай жағдайда міндетті түрде емханаға барып тексеруден өту қажет.

Қазақстанда туберкулезді анықтау мен оның алдын алу, емдеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне енген. Яғни, аталған сырқат түрі тегін емделеді.

Ең бастысы, туберкулез жазылатын ауру және оның алдын алуға болады. Дегенмен де әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы керек.