ДОСТЫҚ ШАҒЫНАУДАНЫНДА ЖАҢА МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

101
0
Бүгін Шымкент қаласы Достық шағын ауданында 300 орынға арналған жаңа мектеп ашылды, деп хабарлайды Uakit.kz.
«Жан-Нұр» жалпы білім беретін мектебінің ашылуына Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі Рахымберді Мүлкеманов пен Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева қатысты.
«Мемлекет білім беру саласын дамытуға ерекше назар аударып отыр. Президент халыққа арнаған Жолдауында мектеп салу Үкімет пен әкімдіктердің басты міндеттерінің бірі екенін айтты. Осыған орай, Шымкент қаласында биыл 40-қа жуық мектеп салу жоспарланған. Бүгін сол білім ұяларының бірінің ашылу салтанатына келіп отырмыз. Достық шағынауданының тұрғындары мектеп мәселесін бірнеше жылдан бері айтып жүр еді. Міне, биыл жеке инвестордың есебінен бұл мәселе шешімін тапты. Мұнда оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған», – деді Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Ж.Тәжиева.
Айта кетейік, жаңа мектеп мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жан басына қаржыландыру жүйесі бойынша жұмыс істейді. Яғни, бұл жекеменшік білім ұясы болғанына қарамастан, балалар тегін білім алады.
Естеріңізде болса, жуырда ғана Шымкент қаласының «Елтай» тұрғын алабында көптен күткен 650 орындық жаңа мектеп ашылған болатын. Мектеп ғимараты заманауи құрал-жарақпен жабдықталған. Биология, химия, физика зертханалары және кең спорт залы бар. Жеке инвестор салған мектепте білім беру жан басына қаржыландыру арқылы мемлекеттен қаржыландырылады және тегін, оқушыларды тасымалдау үшін де арнайы автобус қаралған. Мемлекет бағдарламасы балаларымыздың сапалы білім алуы үшін өте тиімді.
Еске салайық, Биыл Шымкент қаласында 40-қа жуық мектеп ашылады. Үш ауысымды мектеп 9 дан 4-ке азайды.