АУДАННЫҢ 36 ПАЙЫЗЫ КӘРІЗ ЖҮЙЕСІМЕН ҚАМТЫЛҒАН

113
0

Инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің ішіндегі ең маңыздыларының бірі – кәрізбен қамту. Бұл тұрғыдан келгенде Шымкент қаласында көрсеткіш жоғары емес. Мұның бір себебі республикалық қала мәртебесін алған шаһарға жаңадан қосылған елді мекендер мен шағынаудандарға байланысты. Аталған ауылдарға кәріз жүйесін тарту жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен қыруар қаржы бөлінуі тиіс. Дегенмен салада атқарылып жатқан жұмыстар жоқ емес. Бүгінде үшінші мегаполиске қарасты Абай ауданының 8 елді мекені немесе жалпы өңірдің 36 пайызы аталған инженерлік инфрақұрылым жүйесімен қамтылған. Бұл 115 мыңнан аса адамды қамтиды.

Ал қалған 26 елді мекен немесе 207 мыңнан астам тұрғын кәріз жүйесімен қамтылмаған. Десе де дәл осы 64 пайызды құрайтын тұрғындарды кәрізбен қамту бойынша игі бастамалар көтеріліп, жұмыстар қолға алынған. Мәселен, 2020 жылы 1 нысанның жобалық сметалық құжаттамасы дайындалды. 2021 жылы 1 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталса, 2022 жылы Самал-3 және Солтүстік-батыс шағынаудандарында құрылыс жұмыстары бітті. Қалған елді мекендерді қамту бойынша 2022-2025 жылдары аралығында Абай ауданы аумағында 2 кәріз тазалау имараты (КОС) салыну жоспарлануда. 1-кәріз тазалау имаратынан (КОС) – 11 елді мекен орталықтандырылған кәрізбен қамтылатын  болады. Олар – Ақниет, Қатынкөпір, Телман, Агрпром, Самал-1, Жайлау, Қорғасын-1,2, Нұршуақ, Қызылжар, Ынтымақ. 2-кәріз тазалау имаратынан (КОС) – 3 елді мекен орталықтандырылан кәрізбен қамтылатын  болады. Олар — Қазығұрт, Құрсай, Карл Маркс. Нәтижесінде, 2025 жылға дейін Абай ауданы 59 пайызы орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтылады деп күтілуде. Ал Әл-Фараби ауданы аумағында кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші жүйеде 87% құрайды. Ағымдағы жылы Шолохов көшесін кәріз жүйесімен қамту жұмыстары толығымен аяқталып қолданысқа берілді және Хлопзавод көшесінде жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар «Айқап-Түркістан» шағын ауданында барлығы 21 көше бар. Оның ішінде 11 көшеге кәріз жүйелері жүргізілген. Бүгінде 10 көшеге кәріз жүйелерін жүргізу бойынша, демеуші есебімен «Батыс-Алга LTD» ЖШС тарапынан жобалау сметалық құжаттамасы әзірленуде. 2023 жылы құрылыс жұмыстары жүргізу жоспарлануда. «Ақжайық» шағынауданына кәріз жүйесін жүргізу жұмыстары 2023 жылды аяқталып, 30 көшеге кәріз жүйесіне енгізіледі. «Химфарм» шағын ауданына кәріз жүйесін жүргізу бойынша зерделеу жұмыстары жүргізілген, нәтижесінде 20 көшеге кәріз жүйесін жүргізу үшін ЖСҚ әзірлеу 2023 жылдың жоспарында тұр.