САПАЛЫ ЖАРЫҚПЕН ҚАМТУ БОЙЫНША ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР ҚОЛҒА АЛЫНЫП КЕЛЕДІ

81
0

Электр энергиясы – тұрғындар жиі қозғайтын мәселенің бірі. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде аталған мәселені шешу мақсатында қыруар іс қолға алынып жатқаны бесенеден белгілі. Оның ішінде Шымкент қаласында қаладан шалғайда жатқан елді мекендер мен шағынаудандардың инженерлік инфрақұрылым мәселесін шешуге айрықша көңіл бөлінуде. Атқарылған жұмыстардың әкімдіктің тікелей бақылауында екенін де айта кеткен жөн. Күні бүгінде дейін бірқатар елді мекендерге сапалы электр жарығы берілді. Тарқатайық…

Аудан аумағы бойынша 34 елді мекеннің 31 елді мекені немесе 96 пайызы мемлекеттік электр жарығымен қамтылып отыр. Қалған 3 елді мекен немесе 4 пайызы жекеменшік трансформаторларды пайдаланды. 2021 жылы 5 елді мекенді, атап айтқанда, Ынтымақ-2, Айкөл, Игілік, Тәуелсіздікке 20 жыл, Ақжарды электр жарығымен қамту үшін жалпы 7,2 млрд. теңгеге жоба жасылып, ағымдағы жылы 5,2 млрд теңге бөлінген. 2022 жылы 3 елді мекендегі, нақтырағы, Нұршуақ, Батыс және Жаңаталаптағы құрылыс аяқталып, сапалы электр жарығымен қамтылып, аудан аумағы 100 пайыз электр жарығымен қамтылатын болады. Айта кету керек, Қаратау ауданына қарасты Достық мөлтек ауданын сапалы электр қуатымен қамту құрылысы 2022 жылдың тамыз айында басталған болатын. Құрылыс жұмысы барысында 1206 электр бағанасы мен трансформатор орнатылып, 47 шақырымнан астам электр желісі тартылды. Және тұрғындардың сұранысы бойынша, жобадан тыс көшелерге қосымша әр 3 үйге бір электр бағанасы орнатылуда. Елді мекен тұрғындары электр энергиясына әр киловатына 25-30 теңгеден төлеп келген. Алдағы уақытта абоненттеу жұмыстары толық аяқталып, тариф құны 17,9 теңгені құрайтын болады. Мердігер мекеме есебінен электр энергиясы тұрғын үйдің алдына дейін жеткізіледі. Әрі қарай кабельді қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіріп, тұрғындар өз есебінен жүргізетін болады. Қазіргі уақытта абоненттеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Абоненттеу жұмысы толық аяқталу нәтижесінде Достық мөлтек ауданындағы 2 686 абонент сапалы электр қуатымен қамтылатын болады.