КӨКЕЙТЕСТІ МӘСЕЛЕ ШЕШІМІН ТАБУДА
Жылу маусымының басталғанына да біршама уақыт болды. Қыс айлары жақындаған сайын тұрғындарды жылу мәселесі мазалайтыны белгілі. Өз кезегінде, қала маңындағы шағынаудандар мен елді мекендер үйді жылытуда автономды пештерді пайдаланады. Ал оның көгілдір отынмен жұмыс істейтіні бесенеден белгілі. Осы орайда, Шымкент қаласында аталған бағытта жыл басынан бері жүйелі жұмыстар қолға алынып, жүзеге асырылып келеді. Көгілдір отынмен қамту көрсеткіші де айтарлықтай артқан. Бірқатар шығанаудандарда табиғи газ мәселесі толықтай шешімін тапты. Тарқатайық…
Бүгінде Абай ауданы аумағы бойынша 34 елді мекеннің 24 елді мекені немесе 73,5 пайызы табиғи газ жүйесімен қамтылса, қалған 10 елді мекен қатты отынды пайдалануда. 2021 жылы 1 елді мекен (Алтынтөбе) табиғи газбен қамтылды. 2022 жылы 5,3 млрд.теңге қаралып, 7 елді мекенде, атап айтқанда, Көкбұлақ, Батыс, Арғымақ, Ақжар, Ақтас-2, Ақтаста құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ал Нұршуақтағы құрылыс жұмыстары 2023 жылға өтпелі. Бұдан бөлек, 2023 жылы 3 елді мекенге, нақтырағы, Ынтымақ-2, Айкөл, Тәуелсіздікке 20 жылда құрылыс жұмыстар жоспарлануда. 2024 жылы 1 елді мекеннің (Құрсай) жаңақұрылыс аумағы табиғи газбен қамтылатын болады. Жуырда ауданына қарасты Көкбұлақ елді мекені табиғи газға қосылған болатын. Шаһар басшысы Мұрат Әйтенов елді мекенге арнайы барып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті. «Бүгін 1 балабақша мен құжаты дайын үйлерге газ қостық. Енді көмір тасып әуреленбей, барлығыңыз дерлік көгілдір отынды кіргізіп алыңыздар» деді жиында Мұрат Дүйсенбекұлы. Бұл сөзді құптаған халық жылдамдатып әрекетке көшетіндерін жеткізіп, қыс басталмай газбен қамтылғандарына алғыс білдірді. Елді мекенді табиғи газбен қамту үшін құрылыс жұмыстары былтыр басталған. Жалпы ұзындығы 1 6,1 шақырымды құрайтын газ құбыры тартылып, бекітілген жоспар мерзімінде іске асып, 100%-ға орындалды. Қазіргі уақытта магистралды газ құбырына газ беріліп, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Шымкент өндірістік филиалы тарапынан абоненттеу жұмыстары басталды. Құжаттары дайын үйлерге рет-ретімен көгілдір отын кіргізілмек. Жалпы қазіргі таңда мегаполис тұрғындарының 93% табиғи газбен қамтылған. Жыл соңына дейін, Тұран, Ақтас-1, Ақтас-2, Нұртас, Батыс, Сәуле-276 орам, Ақжар, Арғымақ елді мекендеріне табиғи газ тартылып, көрсеткіш 94,7%-ға жетеді. Осының нәтижесінде 34 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынмен қамтылатын болады.