КӨКБҰЛАҚТА МӘДЕНИЕТ ҮЙІН ЖАҢҒЫРТУҒА ҚАРЖЫ ҚАРАЛДЫ

89
0

Шымкент қаласында мәдениет мекемелерін қайта жаңғырту, күрделі жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Абай ауданындағы Көкбұлақ елді мекені тұрғындары мәдениет үйінің тозығы жеткенін, оны қайта жаңғырту мәселесін көтерген болатын. Қала әкімі аудан тұрғындарымен кездесуде мәдениет нысанына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі бойынша зерделеуді тапсырған еді.

1988 жылы салынған ғимарат 2012 жылы ағымдағы жөндеуден өткен. Жалпы алаңы – 212,1 шаршы метр. 2017 жылы «Оңтүстік Аймақ Сараптама» ЖШС сараптамасының қорытындысымен ғимарат жарамсыз деп танылған. Таяуда тозығы жеткен ғимаратты бұзып және қайта салу үшін ЖСҚ дайындауға қаржы қаралды. Мердігер «Диас-проект» ЖШС ЖСҚ құжаттарын әзірлеуде. Құрылыс жұмыстары 2023 жылға жоспарланып отыр. Жалпы шаһарда әлеуметтік нысандарды қайта жаңғырту, қайта құру жұмыстары кезең-кезең бойынша атқарылуда. Айта кету керек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкентке жасаған жұмыс сапары барысында мәдениет саласы да мемлекеттің басты назарында екенін жеткізген болатын. Жиында «Қазір қалада ауқымды іс-шаралар өткізетін мәдениет ошағы тапшы.  Менің тапсырмам бойынша 2 мың орындық Конгресс холлдың құрылысы басталды. Бұл нысан келесі жылы пайдалануға беріледі. Қалада Опера және балет театры бар. Алайда, оның ғимараты талапқа сай емес. Сондықтан, Үкіметке Шымкентте Опера және балет театрын салуды тапсырамын» – деді Президент. Осы орайда, қаламызда аталған саланың дамуы үшін бірқатар маңызды бастамалар көтеріліп, жүзеге асырылып келеді. Бұған дейін бірнеше мәдениет нысанының ғимараты күрделі жөндеуден өткен еді. Аталған саладағы жұмыс алдағы уақытта да жалғаса бермек. Яғни мәдениет үйлерінің ғимараттарын күрделі жөндеумен қатар, жаңа орталықтар да салынбақ.