КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР ЖӨНДЕЛЕДІ

206
0

Шымкент қаласында  9 көпқабатты тұрғын үйге қайтарымды негізде күрделі  жөндеу жұмыстары жүргізілу жоспарлануда. Аталған тұрғын үйлер  Әл-Фараби, Еңбекші, Абай аудандарында орналасқан. Жөндеу жұмыстары барысында бұл үйлердің шатыры ауыстырылып, кіреберісі мен жертөлелері сондай-ақ қасбеті жаңартылмақ.

Қазіргі таңда жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары басталады деп күтілуде. Аталған жөндеу жұмыстары тұрғын үй иелерінің  70 пайыз келісімімен жергілікті атқарушы органдарына жазған  өтінішіне сәйкес қайтарымды қаржы негізінде жүргізілмек. Бұдан бөлек, биыл бюджет есебінен көпқабатты 51 тұрғын үй салынып жатыр. Оның 31-і кредиттік, 20-сы арендалық үйлер. Қалалық құрылыс басқармасы мамандарының мәліметі бойынша, осы үйлердің жалпы ауданы 239 300 шаршы метрді құрайды. Онда 2 972 пәтер бар. Бүгінгі таңда Шымкент қаласындағы Тұран шағынауданы мен әкімшілік-іскерлік орталықта бой көтерген 7 арендалық үйдің құрылысы аяқталып, ондағы пәтерлер баспана кезегінде тұрған отбасыларға шілде айында тапсырылған. Жыл соңына дейін қалған 24 кредиттік және 20 арендалық үйді ел игілігіне беру жоспарлануда. Сонымен қатар биыл Шымкент қаласының құрылыс басқармасы тарапынанан білім беру саласында 4 600 орынға арналған 11 білім ғимаратының құрылысы жүруде. Оның ішінде 4 орта мектептің жанынан салынған қосымша ғимараттар жаңа оқу жылы басталғанға дейін салынып бітті. Ал, жыл соңына дейін білім саласында тағы 3 нысан пайдалануға беріледі. Қалған 4 нысанның құрылысы келесі жылға өтпелі. Оған қоса, бүгінгі таңда білім саласында жалпы 6 690 орынға арналған 16 ғимараттың жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Сондай-ақ ағымдағы жылы тұрғын үй кезегіндегі 748 отбасыны сатып алу құқығынсыз әлеуметтік баспанамен қамту жоспарланған болса, оның ішінде ағымдағы жылы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша — 31, көпбалалы отбасылар – 86, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы бойынша – 95 отбасыға пәтер кілті табысталды. Қалған пәтерлер алдағы уақытта жыл соңына дейін пайдалануға тапсырылатын болады. Бұдан бөлек биыл «Жастар» бағдарламасы бойынша 857 азамат сатып алу құқығынсыз пәтермен қамтылады.