ҚҰЛАҚҚАП, ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОН ЖӘНЕ КАПЮШОН…
Жол-көлік оқиғалары техногенді сипаттағы апат болып табылады. Және бұл төтенше жағдай тудырады. Сақшылар жол-көлік оқиғаларын алдын алу үшін жолда жүргенде жолаушының назарына кедергі болатын құралдарды атап өтті.
Түркістан қаласы полиция басқармасы жүргізушілер назарына жолда жүру ережелерін сақтауға шақыру туралы министрліктің мәлімдемесі бойынша ескерту жасайды,-деп хабарлайды uakit.kz.
Қазақстан Республикасы ІІМ жол жүрісі қағидаларын сақтауға шақырады. Оған негіз де жоқ емес. Себебі, жыл басынан бері жол апаттары 2 мыңнан астам адамның өмірін қиды және 15 мыңнан астам адам әртүрлі дәрежеде жарақат алған.
Осы айдың басынан бері 300-ден астам жол-көлік оқиғасы орын алып, 60-қа жуық адам қаза тауып, 400-ге жуық адам жарақат алды. Екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған апаттар ерекше алаңдаушылық тудырады. Айдың басы Жамбыл облысында болған жантүршігерлік апаттан басталды. Ауа райына байланысты қалың тұманның әсерінен Audi 100 автокөлігінің жүргізушісі қауіпсіздікке салғырттық танытып, темір жолға шығып кетіп, жолаушылар пойызымен соқтығысты. Салдарынан оқиға орнында жүргізуші мен оның бес жолаушысы қаза тапты. 3 қарашада Қостанай облысында Әулиекөл – Жолдама автожолында жүргізуші Chevrolet Сobalt маркалы автокөлікті басқара алмай, кюветке аударылды. Салдарынан үш адам қайтыс болды, бір адам дене жарақатын алды. Жол жүрісіне қатысушылардың қауіпсіздігі үшін ІІМ жол қозғалысы ережелерін, әсіресе автомобильдер арасындағы қашықтықты, бүйірлік аралықты, жылдамдық режимін қатаң сақтауға, сондай-ақ кенеттен тежеулер мен қозғалыстарға жол бермеуге шақырады. Өз кезегінде ҚР ІІМ ӘПК-нің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова:
– Өздеріңіз білетіндей, қараша айынан бастап солтүстік аймақтарда ауа райы күрт нашарлады. Адамдар бұған бірден үйрене алмайтындықтан қысқы жолда (көктайғақта, жаңа жауған қарда) жүру кезінде ауа райының жүріс режиміне әсерін, жауын-шашын кезінде көрінудің төмендеуін, сондай-ақ автокөліктің тежеу жолын ұлғайтатын және оған әсер ететін жол төсемінің іліну қасиеттерінің өзгеруін ескеру маңызды екенін еске саламыз. Жаяу жүргіншілерге! Айналаңыздағы қозғалысқа ерекше назар аударуыңызды сұраймыз. Өйткені көлік құралы кенеттен тоқтай алмайды, сондықтан жолдан өткенде жүргізуші сізге жол бергеніне көз жеткізіп, содан кейін ғана жүрісті жалғастырыңыз. Құлаққап, ұялы телефон және капюшон адамның назарына кедергі келтіретінін ескеріңіз. Ішкі істер министрлігі қызмет өткеру кезінде жеке құрамға қиын жағдайда қалған адамдарға көмек көрсетуді тапсырды. Сондай-ақ қыс мезгілінің басталуына байланысты жолдардағы көлік жүрісі ерекше назар аударуды қажет ететінін еске салу қажет. Бұл жерде де өз ережелері мен талаптары бар. Заңнамаға сәйкес қысқы кезеңде (желтоқсан, қаңтар, ақпан) қысқы шиналармен жабдықталмаған көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынады. Қысқы шиналар, олар қолданылған жағдайда көлік құралының барлық дөңгелектеріне орнатылады. Автокөлік иелері ауа райының өзгеруін мұқият қадағалап отыруы керек, егер ол нашарласа, елді мекендерден тыс жерлерге шығуды шектеуі керек, — дейді.