ТҰРҒЫНДАР КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕ ШЕШІМІН ТАПТЫ
«Шымкент-Ташкент» тас жолының бойында машиналар әрілі-берілі сапырылысып жатады. Қапталындағы аяқ жолдарда жаяу жүргіншілер де көп. Осы орайда, қала әкімі Мұрат Әйтеновпен кездескен «Арғымақ» шағын ауданының тұрғындары ауылға кіре берістегі туындаған мәселелерді ортаға салды. Шешілуін сұрады.
Өтініш жерде қалған жоқ. Кездесуде Мұрат Дүйсенбекұлы Абай ауданының әкімі мен тиісті сала басшысына Шымкент-Ташкент бағытынан «Арғымақ» шағынауданына кіріп-шығу, жол белгілерін орнату және жолақтарын қайта сызу мәселелеріне зерделеу жұмыстарын жүргізіп, ұсыныс енгізсін деп тапсырма берді. Тапсырма орындалды. Бүгінде Шымкент-Ташкент бағытынан «Арғымақ» шағын ауданына кіру-шығу жол белгілерін және жол сызықтары «Южный Конкурент» ЖШС тарапынан жүргізілді. Жалпы Шымкент қаласында биыл 450 шақырым көшенің жол таңбалары жаңартылып, сызылады. Оның ішінде 250 шақырымы термопластиктен, ал қалған 200 шақырымы акрильді бояумен сызылмақ. Соңғы уақытта жол белгілеріне де айрықша назар аударылып келе жатыр. Маңызды мекемелердің алдына аталған белгілерді қою бойынша нақты шаралар қолға алынып, жүзеге асырылды. Жылдамдықты бақылап, назар аудармаса, арты орны толмас қателікке ұрындыруы мүмкін. Сондықтан түсіндірме жұмыстары да қатар жүргізілуде. Қазіргі уақытқа дейін Елшібек батыр, Аймауытов, Уалиханов көшелерінде жол сызықтары, жаяу жүргіншілер өткелдері жаңартылды. Жұмыстар көлік қозғалысына кедергі келтірмеуі мақсатында түнгі уақытта атқарылды. Сондай-ақ Бақбаев көшесінің жол сызықтары, Тайманұлы көшесінде орналасқан мешіт тұсындағы жаяу жүргінші өткелі, Әділбек Керімше және Аманқұлов көше қиылыстарындағы жаяу жүргінші жолы, Рысқұлбеков-Мәделі қожа көшелері қиылысындағы бағдаршамды жаяу жүргіншілер өткелі мен 1 мамыр көшесінің Театральная және Жарқынбеков көшелері аралығы да жаңартылды.