ТҮРКІСТАН ТҰРҒЫНДАРЫНА ҮЗДІКСІЗ ЖАРЫҚ ЖЕТКІЗУ ҮШІН ЕКІ АПАТТЫ БРИГАДА ТӘУЛІК БОЙЫ ШАҚЫРТУЛАРҒА ШЫҒАДЫ

Түркістан қаласы 2018 жылдың маусымында облыс орталығы болды. Сол уақытқа дейін қалада электр қуатын тұтынатын 37 мың абонент болса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 42000 абонентке артқан.

Бұл туралы «Оңтүстік Жарық Транзит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Түркістан қаласы бойынша бөлімшесінің басшысы Ғани Қойшиев мәлімдеді.

Ол абоненттерге жарық жеткізетін электр желілерінде төтенше жағдай тудыратын техногенді сипаттағы апаттар болмас үшін атқарылған жұмыстарды таныстырды.

Соңғы төрт жыл ішінде Түркістан қаласы қанатын кеңге жайды. Жаңа мөлтекаудандар пайда болды. Атап айтқанда, Әкімшілік-іскерлік орталығы, Мәдени-рухани орталықтар бой көтерді. Көпқабатты тұрғын үйлер салынып, пайдалануға берілді. Бой көтерген, іске қосылған нысандардың барлығын жарықпен қамтамасыз ету үшін 2019 жылы «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесі қуаты 110/10 киловольт жабық қосалқы станциясы салынды. Әрқайсысының қуаттылығы 40 мың киловольт Амперды құрайтын екі трансформатор орнатылды. Соның негізінде Жаңа қала (Әкімшілік іскерлік орталығы) ток көзімен қамтылды.

Одан өзге Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы жаңа ғимараттарды электр қуатымен қамту үшін «Бекзат» мөлтекауданында орналасқан «Коммуналды» қосалқы станциясынан арнайы желі арқылы жарық тартылды. Сонымен қатар  «Яссы» қосалқы станциясынан жерасты кабель арқылы желі тартылды.

Сондай-ақ, Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан І және ІІ  мөлтекауданда тозығы жеткен электр құрылғыларының бәрі жаңартылды. Атап айтқанда, заманауи трансформаторлар орнатылып, жерасты кабельдері толығымен ауыстырылды. Мөлтекаудандағы көпқабатты тұрғын үйлердің пәтеріне дейінгі электр желілерінің барлығы дерлік жаңасына ауыстырылды. Нәтижесінде мөлтекаудандағы тұрғындар үздіксіз сапалы қуат көзіне қол жеткізді.

Түркістан қаласы бойынша 17 көшедегі әуе желілерінің бәрін жерасты кабельіне ауыстыру жоспары қойылған. Бүгінде осы жоспар бойынша 11 көше атап айтқанда, Б. Саттарханов, Тәуке хан, С. Ерубаев, Тынышқұлов, Ататүрік,Төле би, Абылай хан және т.б көшелерінің бойындағы әуе желілері жерасты кабельдік желісіне ауыстырылуда.

Одан басқа Асанбай мешітінің айналасы, ескі теміржол өткелінен бастап («Бекзат» мөлтекауданына баратын), Ә. Жангелдин, Б. Майлин көшелерін қамти отырып Түркістан-Қызылорда айналма жолына дейінгі аралықтағы  тозығы жеткен бағаналардың бәрі заманауи темір-бетон бағаналарына ауыстырылып, СИП кабельдері тартылды.  Және де Қызылорда тасжолының бойына етек жайған жаңа «Баянауыл» мөлтекауданына да заманауи темір-бетон бағаналары қойылып, СИП кабельдері тартылды. Қаладағы «Бекзат» мөлтекауданына да толығымен заманауи желілер тартылып, бағандар ауыстырылды. Бұл жұмыстардың бәрі Түркістан қаласы әкімдігімен бірлесе атқарылды.

Кентау тасжолының бойындағы «Оралман», «Тұран» елді мекендерін сапалы жарықпен қамту үшін  заманауи бағандар қойылды. Қазіргі таңда электр желілері СИП кабельдерге ауыстырылып жатыр. Қаладағы Шәуілдір тасжолы (Түркістан облысындағы Отырар ауданына шығатын жол) бойындағы елді мекендердің барлығына заманауи бағандар орнатылып, желілер тартылған.

Қала электр қуатын Екібастұз ГРЭС-інен, Жамбыл ГРЭС-інен, Шардара ГЭС-інен алады. Сонымен қатар Қырғызстан мен Өзбекстан Республикаларындағы ГРЭС-терден жарық алу туралы келісім шарт жасалған. Егер күтпеген жерден, түрлі табиғи және техногенді апат салдарынан еліміздегі электр стансалары электр беруді уақытша тоқтатса,  келісім-шартқа сәйкес, Түркістан қуат көзін Қырғызстан мен Өзбекстаннан алады. Мақсат айқын – қала тұрғындарын үздіксіз сапалы жарықпен қамтамасыз ету.

2018 жылға дейін қаланың күнделікті тұтынатын электр қуаты 25 мегават болса, облыс орталығы болғаннан  бастап жүктеме артты. Бүгінде Түркістан қаласы 60 мегават электр энергиясын тұтынады.

Өз кезегінде «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесінің Түркістан қаласындағы бөлімшесінде екі жедел бригадасы жұмыс істейді. Апатты шақыруларға шығатын бригада тиісті техникалық құралдармен толық қамтамасыз етілген. Олар тәулік бойы ауысым бойынша жұмыс істейді.

Қазіргі таңда «Оңтүстік Жарық Транзит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Түркістан қаласы бөлімшесінің басты бағыттарының бірі 2027 жылға дейін қала бойынша тозығы жеткен бағандар мен ескірген желілердің барлығын жаңғырту болып табылады. Стратегиялық жоспардың аясында ескірген трансформаторларды да жаңасына түгел ауыстыру  міндеті тұр.