ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕТІН ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР САНЫ БЫЛТЫРҒЫ КӨРСЕТКІШТЕН 27 ПАЙЫЗҒА АРТЫП ОТЫР

72
0

Үшінші мегаполистің даму қарқыны жоғары екенін жуырда қалаға жұмыс сапарымен келген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан болатын. Бұдан бөлек, ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов та Үкімет отырысында еліміздің соңғы 9 айдағы әлеуметтік-даму қорытындысын жасау барысында Шымкент барлық сала бойынша оң өсімді сақтап, елімізде көш бастап тұрған өңірлер қатарында екенін айтып өтті.

Соңғы статистикалық көрсеткіштерге сүйенсек, қалада өнеркәсіп өнімінің көлемі 666,4 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 106,7 пайызды құраған. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 108,1 пайыз болып отыр. Бұдан бөлек, бұған дейін жазғанымыздай, инвестиция тарту бойынша үшінші мегаполис елімізде көш бастап тұрған аймақтардың қатарына кіреді. Атап айтсақ, күні бүгінге дейін қала экономикасына 327,9 млрд теңгенің инвестициясы тартылған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 20 пайызға жоғары. Қалаға құйылған қаржының 80,3 млрд теңгесі мемлекеттік бюджеттен бөлінсе, 247,6 млрд теңгесі жеке көздерден тартылған. Мемлекет басшысы Шымкентке жасаған сапары кезінде құрылыс саласына айрықша назар аударып, пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің санын арттыруды тапсырған болатын. Бұл тұрғыдан келгенде, шаһардың көрсеткіштері жаман емес. Нақтырағы, құрылыс жұмыстарының көлемі 131,4 млрд теңгені немесе 139,7 пайызды құрап отыр. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 507,1 мың шаршы метрге жуық. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 27 пайызға жоғары. Үшінші мегаполисте шағын және орта бизнестің дамуына айрықша назар аударылып келеді. Жасыратыны жоқ, қаладағы еңбекке жарамды тұрғындардың дені дәл осы сала арқылы нәпақасын тауып отыр. Сондықтан кәсіпкерлік саланың қанат жаюы шаһар басшысының тікелей бақылауында. Көрсеткіштерге келсек, жалпы сауда көлемі 140,1 млрд теңге болып, нақты көлем индексі 12,9 пайызға артқан. Оның ішінде, бөлшек сауда 417,9 млрд теңге немесе нақты көлем индексі 111,5 пайыз болса, көтерме сауда 944,3 млрд теңге немесе 113,4 пайызды құрап отыр. Бұдан бөлек, жолаушылар айналымының нақты көлем индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,8 пайызға, жүк айналымы 3,2 пайызға артқан. Қорыта айтқанда, үшінші мегаполистің даму қарқыны жыл өткен сайын артып келеді. Қолға алынған жүйелі жұмыстардың нәтижесі бүгінде көрініп отыр.