ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТЕ АУҚЫМДЫ ШАРА ӨТТІ
Ел бірлігі – ең асыл қасиет. Жалпы елімізде ондаған ұлт пен этнос тату-тәтті тіршілік етеді. Сондықтан да қазіргідей жаһандық геосаясат күн сайын құбылып тұрған уақытта ел ішіндегі бірлік пен ынтымақтың маңызы айрықша. Бұл тұрғыдан келгенше еліміздің үшінші мегаполисі саналатын Шымкент қаласында ілкімді істер атқарылып жатыр. Күні бүгінге дейін шаһардағы Қазақстан халқы Ассамблеясының филиалы мен ақсақалдар кеңесінің мүшелері тарапынан бірқатар маңызды бастамалар көтеріліп, сәтті жүзеге асты. Ел ішіндегі бірлік пен ынтымақ тақырыбы қала аумағында өтетін көшпелі отырыстарға арқау болуда. Бұл ғана емес, қоғамның ынтымағын насихаттайтын шаралар легі жалғасуда. Жуырда осындай ауқымды шараның бірі өткен болатын. Осы орайда, бүгінгі материалымызда аталған шара турасында тарқата баяндамақпыз…
Ашып айтар болсақ, еліміздің үшінші мегаполисінің Орталық саябағында Шымкент қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің «Өзбек этносының тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі» күніне арналған Достық мерекесі аталып өтті. Қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен жергілікті өзбек этносы белсенділерінің атсалысуымен ұйымдастырылған іс-шараға қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы басшылығы, Өзбекстан Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы, қалалық мәслихат депутаттары мен қалалық Қоғамдық кеңес жетекшісi және тұрғындары мен қала қонақтары қатысты. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен бастау алған мерекелік іс-шара барысында «Ғунча» халық ансамблі, Сайрам музыка мектебі оқушыларының орындауында «Домбыра күйі», «Қазына» би ансамблінің «Достық» биі, «Узбегим» дайрашылар тобының «Доира зарби» музыкалық композициясы сынды бірқатар жергілікті және көршілес Өзбекстаннан арнайы келген мәдениет майталмандары тұрғындар алдында өнерлерін көрсетіп, жұртшылықтың ақеділ алғысына ие болды. Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Айгерім Жұмағұлова өз сөзінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті бекемдеу бағытындағы қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Тахирбек Нишанбаевтың тындырымды жұмысына алғыс айтты. Этномәдени бірлестіктің бірқатар белсенділеніне қала басшылығының Алғыс хаттарын табыстады. Орталық саябаққа жиналған тұрғындар үшін қаламыздағы бірқатар өнер ұжымдары өнерлерін көрсетті Және өзбек этносының ұлттық салт- дәстүрі мен мәдениетін паш ететін көрме қалың көпшіліктің көңілінен шықты. Айта кетейік, бүгінде 1 миллион 244 мыңға жуық шымкенттік тұрғынның 15,8 пайызын өзбек этносы құрайды. Қалалық өзбек этномәдени бірлестігі қашан да елдің берекелі бірлігін бекемдейтін және қазақстандық патриотизмді дәріптейтін жобалар мен қайырымдылық бағыттағы іс-шаралардан шет қалмай, ел игілiгі үшін қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында жүйелі әрі табысты жұмыс істеп келеді. Жалпы мемдекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел ішіндегі ынтымақ пен бірлік тақырыбын әр сөзіне тұздық етіп келеді. Бұған дейін ел Президенті «Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік. Мемлекеттілігімізді нығайту үшін бір Ел болып еңбек етіп жатырмыз. Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы. Барлық бастамамыз осыған бағытталуда» деп атап өткен болатын.
Бұған дейін «Достық» үйінде Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асыловтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өткен болатын. Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы барысында Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы IV сессиясының күн тәртібінде қаралатын мәселелермен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясы және Ассамблея Кеңесінің құрамына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасарына кандидатураларды ілгерлету мәселелері қаралды. Кеңес отырысын ашқан қала әкімінің бірінші орынбасары мемлекеттік саясат аясындағы міндеттерді айтып, Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында берген тапсырмаларына кеңінен тоқталды. «Ассамблея жанындағы қоғамдық құрылымдар өздеріне жүктелген міндеттер аясында ішкі бірлікті бекемдеуге ат салысуда. Жыл басынан бері қалалық ассамблеяның ұйытқы болуымен жүзге жуық іс-шара өтті. Соның ішінде этнос өкілдері жинақы тұратын аумақтарда 70-тен астам ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тұғырлы татулықты ту еткен сан алуан ұлт өкілдері қаламыздың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өміріне етене араласып, Шымкенттің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүр», – деді Қуаныш Жұмабекұлы. Жиында қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасары болған қалалық корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Роза Пак пен Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хажимжановқа алғыс айтылып, жаңа орынбасар – қалалық армян этномәдени бірлестігінің төрайымы Наира Мовсисян мен ассамблея мүшесі Мадияр Юнусовтың жауапты қызметіне табыстар тіледі.