ТҮЗЕУ МЕКЕМЕЛЕРІНЕН БОСАП ШЫҚҚАНДАРДЫ ҚОҒАМҒА БЕЙІМДЕУ ЖҰМЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ

62
0

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Шымкент қаласында пробациялық бақылауда 1360 адам есепке алынған. Бұл былтырғы көрсеткіштен 215 адамға аз. Прокуратура өкілдерінің айтуынша, 36 қайта жасалған қылмыстың 28-ін жұмыссыз және тұрақты жұмыс орны жоқ адамдар жасаған.

Өз кезегінде, түзету мекемелерінен босатылған, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрғандарды жұмыспен қамту және қоғамға бейімдеу тұрғысында әлеуметтік қолдау өзекті мәселе болып қалуда. Өйткені жұмыс берушілер тарапынан сенімсіздік басым дегенді сала мамандары алға тартып отыр. Өз кезегінде, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар, сондай-ақ, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар үшін жұмыс орындарының белгіленген квотасын орындамау Халықты жұмыспен қамту туралы Заңнаманы бұзу болып есептеледі. Шымкент қаласы жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, биыл пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарының квотасы бойынша 10-нан аса мекемеге 106 жұмыс орны бекітілген. Қазіргі таңда 58 азамат жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» шеңберінде, бүгінгі күнге, квотадан бөлек, 33 адам тұрақты және уақытша жұмыс орындарымен қамтылды. Жұмыссыз және арнаулы орта немесе жоғары білімі жоқ азаматтардың кәсіптік білім меңгеру мен біліктілігін арттыру мақсатында қысқа мерзімді оқуға жолдау ұсынылуда. Бостандыққа шыққан азаматтар сондай-ақ, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығын»  паналай алады. Жыл басынан бері орталыққа Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты түзеу мекемелерінен босап шыққан және есепте тұрған 50-ге жуық азаматқа қызмет көрсетілген. Орталық мамандары оның ішінде 13 адамды туған туыстарымен табыстырған. Айта кету керек, Шымкент қаласы прократурасының деректеріне сүйенсек, қайталама қылмыстар санында өсім байдалады. Нақтырағы, 2 есеге өсіп отыр.