АБОНЕНТТЕР ЖАРЫҚТАН АЖЫРАТЫЛМАЙДЫ
Электроэнергетикалық жүйелерде жарықты беруді 1 тәулікке және одан көпке ажыратуға әкелу техногенді сипаттағы төтенше жағдай туғызады. Оған жол бермей, Түркістан қаласы тұрғындарына үздіксіз жарық беруді қамтамасыз ету – «Оңтүстік Жарық Транзит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Түркістан бөлімшесінің негізгі міндетінің бірі. Осы бағытта Түркістан қаласы тұтынушыларына тәулік бойы қуат көзін жеткізіп тұру мақсатында Өзбекстан, Қырғызстан елдеріндегі ГРЭС-термен келісім шарт жасалған. Егер қалаға жарық жеткізуші Екібастұз, Жамбыл ГРЭС-терімен қатар Шардара ГЭС-інің бірі техникалық себептерге байланысты жарық жеткізуді уақытша тоқтатса, абоненттерге көрші елдердегі ГРЭС арқылы электр беруді қамтамасыз етеміз.
«Оңтүстік Жарық Транзит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Түркістан бөлімшесінің басшысы Ғани Қойшиев осылай деді.
Өз кезегінде ол 2018 жылға дейін Түркістан қаласы бойынша электр қуатын пайдаланатын абоненттер саны 37000 болса, бүгінде олардың саны 42000-ға жеткенін мәлімдеді. Тиісінше тұтынатын электр қуаты 25 мегаваттан, 60 мегаватқа дейін өскенін атап өтті.