ТҰРАНДЫҚТАРДЫҢ ТОЛҒАҚТЫ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАПТЫ

93
0

Шымкентте инженерлік инфрақұрылым мәселесін шешу мақсатында қыруар іс қолға алынып, жүзеге асырылып келеді. Бүгінгі күнге дейін қалаға қарасты бірқатар елді мекендер мен шағынаудандарға сапалы электр жарығы тартылды. Көгілдір отын беріліп, ауыз су мәселесі шешімін тапты. Атқарылып жатқан жұмыстар жайын қала әкімі Мұарт Әйтеновтың өзі тексеріп, қажет тапсырмалар беріп келеді.

Мәселен, Тұран шағынаудандағы сапалы электр жарығымен қамту жұмыстары былтырдан бері қарқынды түрде жүргізілуде. Жоспарға сәйкес, құрылыс 2 кезеңге жоспарланған. Қазіргі уақытта құрылыс жұмысы толығымен аяқталып, тұрғын үйлерді мемлекеттік желіге қосу, яғни абоненттеу жұмысы жүргізілуде. Құрылыс кезінде 86,5 шақырым электр желісі тартылып, 21 электр трансформаторы мен 3 078 электр бағаналары орнатылды. Абоненттеу жұмыстарының нәтижесімен барлығы 3 058 абонент сапалы электр қуатымен қамтылатын болады. Тұрандықтар бұған дейін электр қуатын тұтыну барысында 25-30 теңге аралығында төлем жасаса, бұдан былай тариф құны 17,9 теңгеге түседі. Сонымен қатар жалпы ұзындығы 11,6 шақырымды құрайтын магистралдық кәріз коллекторының құрылысы бітті. Қазіргі таңда ішкі орамдық кәріз жүйесі салынуда. Жыл соңына дейін аяқталатын болады. Бұдан бөлек, көгілдір отын тарту ісі де қарқын алған. Екінші кезек бойынша жұмыстың 90 пайызы орындалып, қазан айы басталғанша №14-29 кварталда орналасқан көпқабатты және 504 жеке тұрғын үй көгілдір отынмен қамтылады. Ал үшінші кезек бойынша, құрылыс жұмысы ағымдағы жылдың мамыр айында басталған. Бүгінгі күнге дейін жұмыстың 40 пайызы атқарылды. Жалпы Тұран шағынауданындағы 2554 тұрғын үйге 2023 жылы газ құбыры толық тартылып бітеді. Айта кетейік, Шымкент қаласында жалпы ұзындығы 1 758 шақырымды құрайтын 747 әлеуметтік маңызға ие көше бар. Биыл мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 102 көшені жарықтандыру жоспарланған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде.