ЖЕКЕ КӘРІЗ ЖҮЙЕСІ ЖЕР АСТЫ СУЫНЫҢ САПАСЫН БҰЗАДЫ

Түркістан қаласының кәріздік жүйесімен қамтылуы 30 пайызды құрап отыр. Қала облыс орталығы болғанға дейін бұл көрсеткіш 27 пайызды құраған. Қазіргі таңда тұрғындардың көп бөлігі жеке кәріз жүйесін (септик) қолданады. Өз кезегінде бұл жер асты суларына кері әсерін тигізеді. Оның салдары экологиялық апат тудыруы әбден мүмкін.

Түркістан қаласы әкімдігінің инфрақұрылым және коммуникация бөлімінің басшысы Ерсейт Бұхарбаев «Ontustik» телеарнасына берген сұхбаты кезінде осылай деді.

Түркістан қаласын кәріз жүйесімен қамту үшін 2019 жылдан бастап біршама жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда үш нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген.  «Отырар» мөлтекауданын кәріздік жүйемен қамту бағытындағы құрылыс жұмысының бірінші кезеңі аяқталған. Осы бағытта өткен жылы басталып, 2022 жылға өтпелі 6 нысан бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Құрылыс жұмыстарына Ұлттық қор есебінен қаржы бөлінген. Сол қаржы есебінен қаладағы «Яссы», «Тұран», «Ортақ», «Отырар», «Шауғар» және «Бірлік» елді мекендерін кәріздік жүйемен қамту бағытында тиісті жүмыстар қолға алынған.