ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕСІ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА
Кез келген қоғам үшін тұрғындардың қауіпсіздігі бас назарда. Соңғы уақыттарда көпқабатты тұрғын үйлердің жеделесатыларында ақау болып, арты қайғылы оқиғаларға ұласқан жағдайлар кездесті. Мұның өзі көптің алаңдаушылығын тудырғаны да белгілі. Осы орайда, Шымкенттің үлкен құрылыс алаңына айналғанын да көпшілік көріп жүр. Ендеше, аталған нысандардағы қауіпсіздік мәселесі шешілген бе? Қандай түткілдер бар? Тарқатайық…
Қазіргі уақытта Шымкентте аталған бағытта тиісті тапсырмалар беріліп, атқарылған жұмыс сапасы бақыланып келе жатыр. Мәселен, ағымдағы жылы Шымкент қаласы бойынша «2020-2025» жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй-коммуналдық даму бағдарламасы аясында 9 көпқабатты тұрғын үйдің жеделсатылары ауыстырылады. Сонымен қатар жыл басынан бері 70-ке жуық лифтте қауіпсіздік сапасын бақылау мақсатында Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы тарапынан сынақ жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 9 жеделсаты тіркеуге алынып, қалғандарында талапқа сәйкестендіру жүзеге асырылып келе жатыр. Тиісті басқарма тарапынан сондай-ақ, жеделсатылардың техникалық жағдайын тексеру шаралары қарқынды жүргізілуде. Бүгінде Шымкент қаласында 639 лифт бар. Оның ішінде 515 жеделсаты көпқабатты тұрғын үйлерде орнатылған. Жүк көтергіштер істен шығып немесе оқыс оқиға орын алған жағдайда «IKOMEK» орталығына 109 қысқа нөмірі арқылы хабарласу қажет. Байланыс орталығында тұрғын үйлердің тізімі мен жауапты мекеме қызметкерлері бекітілген. Яғни үшінші мегаполисте аталған бағыттағы жұмыстар қарқынды жүзеге асып келе жатыр. Алдағы уақытта да көпке қолайсыздық туғызатын жеделсатыларды жаңарту ісі жалғаса бермек. Айта кету керек, мемлекет басшысы Шымкентке жасаған сапары кезінде құрылыс саласына айрықша назар аударып, пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің санын арттыруды тапсырған болатын. Бұл тұрғыдан келгенде, шаһардың көрсеткіштері жаман емес. Нақтырағы, құрылыс жұмыстарының көлемі 131,4 млрд теңгені немесе 139,7 пайызды құрап отыр. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 507,1 мың шаршы метрге жуық. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 27 пайызға жоғары. Қорыта айтқанда, құрылыс саласы жоғары қарқынмен дамып келе жатқан үшінші мегаполисте қауіпсіздік мәселесі қатаң бақылауда.