ШЫМКЕНТТІК ОҚУШЫЛАР ТОП ЖАРДЫ

72
0

Елімізде білім саласының дамуына барынша жағдайлар жасалып келе жатыр. Қала берді, жастардың жан-жақты дамып, белгілі бір саланың мықты маманы атануына мүмкіндік беретін бастамалар да көп. Оның ішінде Шымкент қаласында оқушылардың білімін шыңдап, тәжірибесін ұштайтын жобалар қолға алынып, түрлі шаралар ұйымдастырылып келе жатыр.

Жуырда үшінші мегаполисте мамандандырылған білім беру ұйымдарың 10-11 сынып оқушыларына арналған  «Қазақстан білім олимпиадасы» жеңімпаздары мен жүлдегерлерін  марапаттау рәсімі өтті. Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Дарын орталығының ұйымдастыруымен 2022 жылғы 11 қараша күні Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі базасында мамандандырылған білім беру ұйымдарың 10-11 сынып оқушыларына арналған «Қазақстан білім олимпиадасы» жеңімпаздары мен жүлдегерлерін  марапаттау рәсімі өтті. Олимпиадаға 71 облыстық Дарын мектебі, 22 Назарбаев Зияткерлік мектебі, 40 Білім-Инновация лицейі, 15 Халықаралық мектептері қатысқан болатын. Білім додасында бақ сынаған 2000-ға жуық оқушылардың арасынан Шымкент қаламыздың дарынды оқушылары да оқ бойы озып шықты. Атап айтсақ, 7 алтын, 14 күміс, 28 қола медальдарға ие болды. Шымкент қаласының Дарын орталығының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, «Үздік оқытушы» атағының иегері  Раушан Омарханқызы Джеренова жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтап, I, II, ІІІ дәрежелі дипломдар мен медальдарды табыс етті. Алдағы уақытта толағай табыстар және сәттілік серік болсын деп тіледі. Жалпы Шымкент қаласының дарынды балалары соңғы уақытта халықаралық деңгейде өтетін түрлі шараларда топ жарып, қаланың ғана емес, жалпы елдің абыройын асқақтатып келеді. Бұдан бөлек, республикалық деңгейде өтетін олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауында да оза шауып, қабілеттері мен дарынын дәлелдеп келе жатыр.