ШЫМКЕНТТЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САУДА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ

Бүгін Шымкент қаласындағы «Rixos Khadisha Shymkent» қонақ үйінде «Шымкент» халықаралық сауда орталығының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Uakit.kz.
Айтулы шараға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, сөз сөйледі.
«Шымкентте халықаралық сауда орталығының салынуы үлкен оқиғаға айналмақ. Мұндай орталықтардың міндеті — жергілікті тауар өндірушілерге өз тауарын халықаралық нарықтарға шығарып, тиімді бағамен сатуға көмектесу. Сол арқылы қаламыздың алыс-жақын шетелдермен өзара сауда айналымын арттырып, өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті жоғары деңгейде дамытуға мүмкіндік бар. Өткен жылы Шымкент қаласында сауда көлемі 1,6 триллион теңгеге жеткен. Шаһарда 800-ден астам тауарөндіруші бар. Халықаралық сауда орталығы осы компаниялар үшін тиімді алаңға айналады», — деді Мұрат Әйтенов.
Жиында «Атамекен» ҰКП төрағасы Райымбек Баталов пен бірқатар шетелдік сауда орталықтары мен ірі компаниялардың өкілдері сөз сөйледі.
Бұдан бөлек, Қонаев даңғылы бойынан «Shymkent Tower» сауда-іскерлік орталығының бой көтермек. Жобаның негізгі инвесторы “САУТС-Ойл” компаниясы, ал құрылысын салушы бас мердігер «Koç Construction» Түркия компаниясы. «Koç Construction» — халықаралық құрылыс саласындағы тәжірибелі компания. Жарты ғасырлық тарихы бар. 1959 жылдан бері 3 материкте құрылыс салып, әлемнің 9 елінде ірі-ірі жобалардың жүзеге асуына атсалысқан. «Shymkent Tower» сауда-іскерлік орталығын салу барысында 200 тұрақты және 1250 уақытша жұмыс орны ашылмақ.
Шымкент қаласы 2020 жылы негізгі капиталға бағытталған инвестициялар көлемінің өсу көрсеткіші бойынша республикада екінші орында болған болса, 2021 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстан өңірлерінің рейтингісінде тұрақты түрде көш бастап келеді. 2022-2026 жылдар жалпы құны 2,6 трлн. теңгені құрайтын 20 мыңнан аса жаңа жұмыс орнымен 283 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Оның ішінде 2022 жылы 173,1 млрд. теңгеге 50 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған.