ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСТІ ДАМЫТУ БОЙЫНША ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТІҢ ӘЛЕУЕТІ ЖОҒАРЫ
Қазақстанда арнайы экономикалық аймақтарды одан әрі дамыту аймақтардың экономикасына қосымша инвестиция тартуға мүмкіндік беріп, осы аймақтардағы өндірістен жоғары мөлшерде кіріс түсуін қамтамасыз етеді. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкент қаласының мүмкіндігі кең. Атқарылып жатқан жұмыстар да ауқымды. Қазіргі таңда үшінші мегаполис аумағындағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында көптеген кәсіпорындар шоғырланған.
Жуырда пәкістандық «MASOOD TEXTILE MILLS» және «FAYYAZ SONS» ірі тоқыма компанияларының делегациясы шаһарға келген болатын. Сапар аясында делегация Шымкент қаласы әкімінің орынбасары А.Сәттібаевпен кездесті. Кездесу барысында қонақтарға «Оңтүстік» АЭА-ның қызметі таныстырылды. Сонымен қатар «Оңтүстік «АЭА Басқарушы компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Сариев Ерболат пен Шымкент қаласында 15 жыл бойы тұрып, жұмыс істеп жатқан Пәкістан Ислам Республикасының азаматы Ахмед Уакар арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Уакар мырза меморандум аясында инвестициялар тартуға, қазақстандық және пәкістандық кәсіпкерлер үшін әлеуетті серіктестер мен ритейлерді іздеуге жәрдем көрсететін болады. Сондай-ақ, сапар барысында қонақтар «Azala Textile» ЖШС, «AZALA Cotton» ЖШС, «Назар Текстиль» ЖШС, «ПК «АГФ Групп» ЖШС, «Шымкент Кашемир» ЖШС және «SAGITEX GROUP» ЖШС кәсіпорындарының өндірістік алаңдарымен танысты. «АГФ Групп «ӨК» ЖШС басшысымен келіссөздер қорытындысы бойынша «MASOOD TEXTILE MILLS» компаниясымен ресейлік «Gloria Jeans» компаниясы үшін киім тігуге қатысты алдын ала келісімдерге қол жеткізілді. Анықтама үшін: «MASOOD TEXTILE MILLS» — Пәкістандағы тігінен интеграцияланған тоқыма компаниясы. Компания 1984 жылы құрылған. Компанияның жылдық айналымы — 300 млн. доллар. Өндірістік қуаты — күніне 350 мың бұйым. Фабрикада 20 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Компанияның серіктестері әлемге әйгілі брендтер: Adidas, MercedesBenz, Ferrari, Tommy Hilfiger, Calvin Klein, Amazon, Mango, Zara, Next, Pull&Bear, H&M және т. б. «Fayyaz Sons» — 1995 жылдан бастап Пәкістанда түрлі-түсті талшықтар мен иірілген жіптерді шығаратын тігінен интеграцияланған тоқыма фабрикасы. Компания Пәкістандағы жаппай боялған полиэфирлі штапельді талшықтар мен полиэфирлі иірілген жіптер, сондай-ақ олардың мақта мен вискоза қоспаларын өндіруші көшбасшы компания болып табылады.