БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ — АДАМ ӨМІРІ

100
0

Үшінші мегаполисте ағымдағы жылы «2020-2025» жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй-коммуналдық даму бағдарламасы аясында 9 көпқабатты тұрғын үйдің жеделсатылары жаңартылады. Сонымен қатар жыл басынан бері 70-ке жуық лифтте қауіпсіздік сапасын бақылау мақсатында Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы тарапынан сынақ жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 9 жеделсаты тіркеуге алынып, қалғандарында талапқа сәйкестендіру жүзеге асырылуда.

Басқарма тарапынан сондай-ақ, жеделсатылардың техникалық жағдайын тексеру шаралары қарқынды жүргізілуде. Мамандар қауіпсіздік талаптарын қадағалау мақсатында Тұран-2 шағын ауданы 55А және Нұрсат шағын ауданындағы 219 үй тұрғындары мен аудан әкімдігі және қызмет көрсетуші мекеме өкілдерімен бірлесе лифттердің жағдайын бақылады. Бұған аталған мекенжайлар бойынша IKomek 109 бірыңғай байланыс орталығына тұрғындардан өтініштердің жиі түсетіндігі негіз болған. Кездесу қорытындысы бойынша басқарма басшысы Нұрдәулет Құрбанбекұлы кемшіліктерді жоюға қатысты тиісті мамандарға бірқатар тапсырмаларды жүктеді. Жалпы, Шымкент қаласында 639 лифт бар. Оның ішінде 515 жеделсаты көпқабатты тұрғын үйлерде орнатылған. Жүк көтергіштер істен шығып немесе оқыс оқиға орын алған жағдайда «IKOMEK» орталығына 109 қысқа нөмірі арқылы хабарласу қажет. Байланыс орталығында тұрғын үйлердің тізімі мен жауапты мекеме қызметкерлері бекітілген. Соңғы уақытта елімізде сапасыз жеделсатының кесірінен орын алатын оқыс оқиғалар көбейді. Тұрғындар жараланып, арты өлімге ұласқан жағдайлар да бар. Сондықтан үшінші мегаполисте аталған мәселелерді болдырмау мақсатында жемісті жұмыс жүргізіліп, қадағаланып келе жатыр. Ең басты құндылық — адам өмірі мен қауіпсіздігі. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың өзі бір төбе.  Айта кету керек, қалалық орта сапасы және бақылау, құрылыс басқармаларының жауапты мамандары мердігер мекемелердің қатысуымен «Жүк көтергіш механизмдерді пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларындағы» бекітілген ережеге сәйкес жедел сатыларға комиссиялық сынақ жүргізіп, тіркеуге алу бойынша жұмыстар жүргізуде. Бүгінгі таңда құрылысы аяқталып пайдалануға берілетін 21 тұрғын үйде орналасқан 42 жедел сатыға сынақ жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік қызмет көрсету реестріне енгізіліп электронды түрде тіркелді. Мердігер мекемелердің қызметкерлеріне жедел сатыдағы қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша түсіндірме жұмыстары тұрақты тұрде жалғасатын болады.