ОҚУШЫЛАР ЖЕР СІЛКІНІСІ КЕЗІНДЕГІ ӘРЕКЕТ ТУРАЛЫ ТҮСІНІК АЛДЫ

Түркістан қаласындағы М. Әбенова атындағы жалпы орта мектепте «Жер сілкіну туралы негізгі түсініктер. Оқушылардың жер сілкінісі кезіндегі қимылдары» атты тәрбие сағат ұйымдастырылды. Бұл шара Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы бекіткен жоспарға сәйкес  қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің бастамасымен өткізілді.

Жоғары сынып оқушыларына өткізілген шараның басты мақсаты –оқушыларды жер сілкінісі апаты кезіндегі дүрбелеңге түспей қабылдау керек шешімдермен таныстыру болып табылады. Дәріс барысында оқушылар жер сілкінісінің пайда болуының басты себептерін біліп, оның интенсивтілігі туралы түсінік алды. Атап айтқанда, жер сілкінісінің барысында үйлер, жолдар, көпірлер, каналдар тоғандар мен басқа да ғимараттар, су құбырлары, кәріздік, электр беру жүйесіне зиян келіп, байланыс бұзылатыны айтылды. Тау жыныстарынан тау құлап, адамдарды қорқыныш билейтіні ескертілді.  Оқушыларға Қазақстанның 450 мың шаршы километр аумағы немесе  Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау облыстары мен Алматы қаласы сейсмо қауіпті аймақта тұрғаны туралы мәлімет берілді. Сонымен қатар жер сілкінген сәтте үйдің ішінде болғанда далаға жүгіріп шығып, үйден аулақ тұрған жөн екені, ал көпқабатты үйде болған жағдайда тек бірінші, екінші қабатта тұрған жағдайда ғана далаға шығуға мүмкіндік бар екені түсіндірілді.

Үшінші және одан жоғары қабаттарда болғанда далаға шығу қауіпті екенін естен шығармауды қаперден шығармау ескертілді. Жер сілкінісі кезінде үй немесе ғимараттың іші, босаға есік жақтауы, ішкі бұрыш, мықты қабырға, парта, стол, кереует қауіпсіз, ал далада болған жағдайда ашық алау, биік ғимараттар мен ағаштардан алыс жер қауіпсіз орын болатыны туралы мәліметтер келтірілді.

Ал терезе жақтағы бұрыш, биік ғимараттар, биік ағаштар, баспалдақ, лифт, жер асты өткелдері қауіпті алаң болып табылатыны ескертілді.

Бұдан бөлек оқушылар эвакуация шаралары туралы түсіндірме жұмыстарын тыңдады.