ЖАРЫҚТАНДЫРУ ІСІ ҚАРҚЫН АЛҒАН

88
0

Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылым саласында бірқатар игі бастамалар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Қалаға қарасты шағынаудандар мен елді мекендерді сапалы электр жарығымен, ауыз сумен және көгілдір отынмен қамту ісі қарқынды жүруде. Бұдан бөлек, үшінші мегаполисті түнгі жарықшамдармен қамту мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 2022-2023 жылдары 208 көшеге жарықшам орнату жоспарланған. Нәтижесінде қамтылу көрсеткіші 70 пайызға жетпек.

2021 жылдың қорытындысымен орталық маңызы бар 747 көшенің 356 көшесі жарықтандырылып, қамту көрсеткіші 43,4 %-ды құрады. Жоспар бойынша өткен жылы 104 көшені жарықтандыру қажет болса, жоспар артығымен орындалып, 136 көшеде жұмыстар толығымен аяқталды. Аталған бағыттағы жүйелі жұмыстар жайы алдағы уақытта да жалғасын табады. Бұдан бөлек, қалаға қарасты елді мекендер мен шағынаудандардағы көшелерді жарықтандыру ісі де айрықша назарға алынып отыр. Бұдан бөлек, «Ақылды қала» жобасы негізінде жарықтандыру жүйелерін толықтай автоматтандыру жолға қойыла бастады. Ол диспетчерлік орталық арқылы басқарыла бастады. Орталыққа қай көшелер қосылып немесе өшіп тұрғандығы, қай көшеде қанша жарықшам істен шыққандығы, пайдаланылған электр қуаты туралы ақпараттар «сигнал» арқылы беріліп отырады. Алдағы уақытта әр жарықшамның килловаты, түнде, көлік қозғалысы баяулағанда жарықтық дәрежесін автоматты төмендету арқылы энергия үнемдеу сынды функцияларды қосу жоспарланған. Қазіргі таңда, 40-қа жуық көше диспетчерлік орталыққа қосылған. Жыл соңына дейін көше санын 100-ге жеткізу көзделген. Айта кету керек, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, халыққа қолайлы қала қалыптастыру жұмыстары аясында мемлекеттік-жекешелік әріптестікпен «Шымкент қаласын жарықтандырудың құрылысын салу, қайта құру және пайдалану» жобасы іске асырылып жатыр. Қазіргі уақытта мегаполистегі 228 көше, 8 саябақ пен 32 гүлзарда және 1026 көпқабатты тұрғын үй аулаларындағы 43 016 көше шамдарына техникалық күтім жасалуда. Жұмыс қарқыны алдағы уақытта да арта бермек.