ИСФИДЖАБ ТҰРҒЫН АЛАБЫНДАҒЫ ЖОЛ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАПТЫ

Шымкент қаласы әкімдігінің тұрғындармен ашық диалог құруға негізделген жаңа басқару тәсілі өз жемісін беруде. Қала әкімі мен жергілікті билік өкілдерінің Исфиджаб тұрғын алабы тұрғындарымен өткен кездесуі нақты нәтиже беріп, көтерілген мәселелердің шешімі кезең-кезеңімен жүзеге аса бастады.
Кездесу барысында тұрғындар жергілікті инфрақұрылымның, әсіресе көше жолдарының жағдайына қатысты өз пікірлерін білдіріп, Мүслім төбе көшелерін жөндеуді сұраған болатын. Билік тарапынан бұл мәселе назардан тыс қалмай, көп ұзамай тиісті жұмыстар қолға алынды. Тұрғындар тарапынан көтерілген өтініштер негізінде Мүслім төбе көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жолдардың сапасы жаңартылып, асфальт төселіп, аяқжолдар орнатылды. Бұл – тек инфрақұрылымдық мәселенің шешімі ғана емес, тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмір сапасын арттыру жолындағы нақты қадам. Аяқжолдардың салынуы, әсіресе балалар, қарттар мен мүгедектігі бар азаматтар үшін еркін әрі қауіпсіз жүріп-тұруға жағдай туғызды. Бұрын шұрық-тесік, жауын-шашында батпаққа айналатын жолдар бүгінде жаңа кейіпке еніп, елді мекеннің көркін келтіре түсті. Бұл игілікті істің жүзеге асуы – билік пен қоғам арасындағы тиімді кері байланыстың нақты нәтижесі. Қала әкімдігі тұрғындардың ұсыныс-тілектеріне құлақ түріп, оларды нақты шешу арқылы ашық әрі әділетті басқарудың үлгісін көрсетуде. Бүгінде әкімдік тарапынан қала тұрғындарына арналған ашық кездесулер мен қоғамдық қабылдаулар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл тәжірибе азаматтардың өз дауысы мен пікірінің маңызды екенін сезінуіне мүмкіндік беріп, жергілікті мәселелердің шешілу барысына тұрғындардың тікелей қатысуын қамтамасыз етуде.
Қала әкімдігінің мәлімдеуінше, бұл тәжірибе жүйелі түрде жалғасады. Тұрғындардың әрбір өтініші мен ұсынысы мұқият талданып, кезең-кезеңімен орындалуға бағытталады. Исфиджаб тұрғын алабындағы жол жөндеу жұмыстары – соның алғашқы нәтижелерінің бірі ғана. Осылайша, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының талаптарына сай, Шымкент қаласында қоғам мен билік арасындағы сенім артып келеді. Бұл – әлеуметтік тұрақтылықтың, азаматтық белсенділіктің және сапалы басқарудың кепілі. Исфиджаб тұрғын алабындағы Мүслім төбе көшелерінің жөнделуі – тұрғындардың белсенділігінің және жергілікті билікпен орнаған тиімді диалогтың жарқын үлгісі. Мұндай істер – қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырумен қатар, қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған маңызды қадамдар. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жалғасын табары сөзсіз.