ШЫМКЕНТ: НҰРТАСТА ИМАРАТ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН
Шымкентте Нұртас мөлтек ауданындағы су жинақтағыш имарат құрылысы аяқталуға жақын, деп хабарлайды Uakit.kz.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов Нұртас елді мекенінде ораналасқан су жинақтағыш имарат құрылысына арнайы барып, жұмыс барысымен танысып, құрылыс қарқынын тексерді. Бұл имарат Нұртас елді мекені аумағында көп қабатты үйлердің салынуына байланысты алдағы уақытта су жетіспеушілігін болдырмау мақсатында салынып жатқан стратегиялық нысанның бірі. Нысан құрылысы 1000 м3 су жинайтын 2 резервуардан, 2 насос, трансформатор және бақылау пунктінен тұрады. Құрылыс аумағы темірбетон және болат сыммен қоршалған. Сонымен қатар нысанда 2 дана темір қақпа құрылысы мен көлік қою тұрағы және қоқыс тастау алаңшасы қарастырылған.
Аталмыш имарат құрылысы биылғы жылдың желтоқсан айында аяқталады деп жоспарлануда. Қала басшысы құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды.
Айта кету керек, Шымкент қаласындағы 81 елді-мекеннің 78-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Ал қалған 3 елді мекен ауыз суды кестемен тұтынуда, яғни Құрсай, Сайрам, Қайнарбұлақ елді мекендері. Көрсеткішті арттыру мақсатында биыл барлығы 7 нысанда құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Олар: Құрсай 1,2 – кезек, Асар-2 екінші кезек, Текесу е/м, Қайнарбұлақ е/м, Еңбекші ауданының жаңақұрылыс аумақтары және Нұртас су жинақтағыш имараты. Қайнарбұлақ тұрғын алабында ауыз су жүйесін тарту құрылысы 2023 жылы толық аяқталатын болады.
2022 жылдың қорытындысымен Құрсай, Асар-2, Текесу елді мекендері мен Нұртас су жинақтағыш имаратының құрылыс жұмыстары аяқталады.
Нәтижесінде, қала тұрғындарының сапалы ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 98% –дан – 99%-ға өседі. Бекітілген жоспарға сәйкес, Шымкент қаласының тұрғындары 2023 жылы 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.