МИРАСТАҒЫ МӘСЕЛЕ ШЕШІМІН ТАУЫП КЕЛЕДІ

279
0

Бүгінде үшінші мегаполиске қарасты шағынаудандар мен елді мекендердің тұрғындары көтерген түйткілді түйіндер шешімін тауып келе жатыр. Қолға алынған жүйелі жұмыстардың арқасында инженерлік инфрақұрылым жүйелері тартылып, күн тәртібіндегі түйткілді түйіндердің түйіні ағытылуда. Сондай елді мекеннің бірі – Мирас шағынауданы.

Мирас шағынауданында 980 үй қоныстанған. Қазір онда 1 мектеп пен 6 балабақша орналасқан. Шағынаудан электр жарығы, ауыз су және табиғи газбен 100 пайыз қамтылған. Қазіргі сәтте кәріз жүйесін тарту құрылысы жүргізілуде. Жобаға сәйкес, ұзындығы 50,4 шақырым кәріз жүйесі салынып, ары қарай Шапағат-2 шағынауданына ұзартылады. Қолданысқа беру мерзімі осы жылдың қарашасына жоспарланып отыр. Құрылысын жүргізіп отырған «Ынтымақ Бес Арыс» ЖШС. Оның техникалық қадағалаушысы «Тұран құрылыс» мекемесі. Биыл қалада 14 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Жыл қорытындысымен 2 магистралды кәріз коллекторы, 1 кәріз сорғы станциясы (КНС) және 6 нысанның құрылысы аяқталып, 65 мың адам кәріз жүйесіне қосылады. Айта кету керек, Шымкент қаласындағы 81 елді мекеннің 19-ы кәріз жүйесімен қамтамасыз етілген болса, биыл кәріз жүйесіне қосылған елдімекен саны 6-ға артады. Осылайша қаланың кәрізбен қамтылу көрсеткіші 54 пайыздан, 60 пайызға жететін болады. Бүгінде бұл көрсеткішті арттыру мақсатында барлығы 16 нысанның құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда 2 магистралды кәріз коллекторы, 1 кәріз сорғы станциясы және 13 елді мекенде ішкі орамдық кәріз құбырлары тартылуда. Жыл соңына дейін Арғынбеков, Тұран магистралды кәріз коллекторларының және Достық кәріз сорғы станциясының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Сонымен бірге, Самал-3, Мирас-Шапағат-2, Ұлағат, Солтүстік – Шығыс, Хлопзавод, Жұлдыз тұрғын алабындағы ішкі орамдық кәріз жүйелерінің құрылысы аяқталып, осы 6 елді мекен орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылады. Аталған бастамалар жүзеге асса, қалаға қарасты шағынаудандар мен елді мекендердегі өзекті мәселелердің бірі шешімін табады. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайы әкімдіктің тікелей бақылауында екенін де айта кету керек.