МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТАРЫЛҒАН АКТИВТЕР ЕСЕБІНЕН ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА

23
0

Түркістан облысында мемлекетке қайтарылған активтер тек символдық мәнге ие болып қана қоймай, халықтың нақты әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жобаларға айналып келеді. Соның жарқын мысалы — Келес ауданында қолға алынған ауқымды инфрақұрылымдық бастамалар.

Бүгінде мемлекет меншігіне өткен активтер мен жергілікті бюджет қаражаты есебінен Келес ауданында 12 әлеуметтік жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар ауыз сумен қамту, инженерлік желілер тарту және тіршілік сапасын көтеруге бағытталған. Бүгінде Келес ауданында Жүзімдік, Бірлік және Ақтөбе ауылдық округтерінде ауыз су жүйелерін жаңарту және жаңадан салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Аталған үш округтегі жобалардың маңыздылығы мынада. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң, 13 мыңнан астам тұрғын (1805 үй) таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бұл жобалар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, денсаулық сақтау мен санитарлық қауіпсіздік мәселесін жүйелі шешуге бағытталған. Су мәселесі шешілсе, ауылдық аймақтардың да әлеуметтік-экономикалық әлеуеті арта түсетіні анық. Жоспар бойынша 2025 жылдың соңына дейін Келес ауданындағы барлық ауылдар 100% таза ауыз сумен қамтылады. Бұл – ауыл инфрақұрылымын жаңғыртудың нақты көрсеткіші және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының іске асуының айқын көрінісі.

Келес ауданындағы ауыз су мәселесін түбегейлі шешуге бағытталған ірі аймақаралық жоба – «Өгем» өзенінен су жеткізу бастамасы қолға алынды. Бұл — тек Келес ауданы емес, бүкіл оңтүстік өңірлер үшін шешуші стратегиялық қадам болмақ. Жобаның негізгі кезеңдерін тарқатайық. Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық құжаттары әзірленуде. Жобалау жұмыстары биылғы жылдың соңына дейін аяқталады. Құрылыс жұмыстары 2026 жылы басталмақ. Жобаны инвесторлар қаржыландырады, ал құрылыс мерзімі – үш жыл. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Мақтаарал, Жетісай аудандары ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етіледі. Соңғы жылдары Қазақстанда заңсыз иемденілген мүліктерді мемлекет меншігіне қайтару үрдісі күшейе түсті. Бұл процестің басты мақсаты – қоғам игілігі үшін әділет орнату ғана емес, сол активтерді халықтың өмір сапасын арттыратын нақты жобаларға бағыттау. Түркістан облысында бұл бастама тиімді жүзеге асып жатқан өңірлердің бірі ретінде ерекшеленуде. Атап айтқанда тікелей инвестиция есебінен жүзеге асырылатын жобалар, инженерлік инфрақұрылымды жаңарту, халықтың базалық қажеттіліктерін өтеуге бағытталған бастамалар алдыңғы қатарға шықты.

Келес ауданында қолға алынған ауыз су жобалары мен «Өгем» өзенінен су тарту бастамасы Түркістан облысында су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа кезеңге шыққанын көрсетеді. Бұл тек инженерлік құрылыс емес, халық денсаулығы, ауыл келешегі және аймақтың тұрақты дамуы үшін жасалып жатқан маңызды қадам. Мемлекет меншігіне қайтарылған активтердің нақты мақсатқа бағытталып, халықтың игілігіне жарауы — жаңа басқару мәдениетінің қалыптасып келе жатқанының дәлелі.