МЕКТЕПТЕРДЕ «ТОҚТА, ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ БЕРМЕ!» НАУҚАНЫ БАСТАЛДЫ
Елімізде көптеген әлеуметтік мәселелер бар. Сонымен қатар қоғамды құрдымға бастайтын түйткілдер де жетерлік. Оның қатарына сыбайлас жемқорлық сияқты өзекті мәселені жатқызуға болады. Мұндай құқықбұзушылық түрімен кешенді шаралар арқылы ғана күресуге болады. Сәйкесінше, елімізде түрлі бағытта атқарылып жатқан шаралар аз емес. Бүгінде мемлекеттік қызметшілерге түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Заң жобасына қатысты өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, заң алдындағы жауапкершілік қатаңдатылды. Дегенмен мұның баршасы жеткілікті емес. Сыбайлас жемқорлықты түпкілікті жою үшін қоғамда оған қарсы иммунитет болуы керек. Ал мұндай сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті жастар мен өскелең ұрпақтан бастаудың маңызы айрықша.
Антикор еріктілерімен ұсынылған «Тоқта, жемқорлыққа жол берме!» 1 айлық науқаны Түркістан облысындағы барлық білім беру ұйымдарында басталды. Оның қатарында Түркістан қаласындағы мектептер де бар. Бұл ұсыныс негізінен жаңа оқу жылын жемқорлықсыз таза және білім беру саласындағы құқықбұзушылықтардың алдын-алу мақсатында енгізілді. Білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындауына бірге тосқауыл болуды ойлаған еріктілердің ұсыныстары ұстаздар мен ата-аналардан ақша жинаудың алдын-алуда өз септігін тигізеді деп көзделуде. Ұсыныстардың қатарында науқанның басталуы туралы ақпараттандыру, білім ордаларына бюджеттен бөлінетін қаржы түрлері мен олардың жұмсалу есебін БАҚ беттерінде жариялау, жемқорлық үшін Заңда көзделген әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік туралы қызметкер назарына жеткізу, ата-аналарға пара немесе сыйлық берудің жауапкершілігін түсіндіру, сондай-ақ, науқан аясында басқа да шаралар ұйымдастыру қарастырылған. Жемқорлыққа қарсы еріктілердің ұсынысымен енгізілген шара облыстық білім беру басқармасымен қолдау тауып, өңірдегі барлық білім беру ұйымдарында 1 — 30 қыркүйек аралығында өтетін туралы арнайы жиын өтіп, басшыларға ескертілді.
Айта кету керек, бүгінде Түркістан қаласында тиісті сала мамандары және құқық қорғау қызметкерлері тарапынан түсіндірме жұмыстары белсенді жүргізіліп келе жатыр. Мақсат – халықтың құқықтық сауатын арттыру. Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай онымен күресу, бұл – жел диірменмен алысу. Халық әлдебір шенеуніктің немесе басшының жай жауапкершілікке тартылғанын көріп қана қоймай, ол жұмыс істеген мемлекеттік мекемеде енді мұндай жағдайдың қайталанбайтынын дәлелдейтін түбегейлі өзгерістердің орын алғанына куә болуы керек. Әзірге мен мұндай кешенді және түбегейлі жұмысты көріп отырған жоқпын. Шенеуніктер шеңбер жасап, бірінен кейін бірі ауысып жатыр. Ал жүйелі проблемалар шешілмеген күйі тұр» деп атап өткен болатын. Осы орайда, жүзеге асып жатқан жұмыстар мәселенің салдарын жоюды емес, себебін анықтауды мақсат етеді. Оң мен солы қалыптасып жатқан ойын баласының санасында құқықбұзушылықтың бұл түрі қоғам үшін қауіпті екені турасындағы ақпарат болады. Мұның өзі оның болашақта мұндай қылмыстардан бойын аулақ ұстауына септігін тигізбек.