САПАЛЫ ИНТЕРНЕТ МӘСЕЛЕСІНІҢ ШЕШІЛЕР КҮНІ АЛЫС ЕМЕС
Уақыт өткен сайын сапалы интернеттің маңызы арта түсуде. Қала берді, бүгінде мемлекеттік қызметтердің дені цифрлық жүйеге көшуде. Осы орайда, Шымкент қаласында көптеген игі бастамалар көтеріліп, жүзеге асырылып келе жатыр. Мәселен, Шымкентте өткен жылы интернет сапасы төмен 14 елді мекенге базалық станция орнатылған болса, биыл 12 елдімекенге қойылып, мобильді интернет желісімен қамту үлесін 95 пайызға жеткізу жоспарланған. 2023 жылы 11 елді мекенге, 2024 жылы 10 аумақты қамтып, көрсеткіш 100 пайызға жетпек.
Осы жылға 71 мың қала тұрғынын қамтитын 12 аумаққа базалық станция орнатылу жоспарға қойылған болса, бүгінде олар бойынша жер телімдері анықталып, инвесторларға ұсынылған. Қазір бетон құю жұмыстары жүргізілуде. Маятас, Елтай, Тоғыс, Бозарықта жеке нысан иелерімен келісу арқылы базалық станция орнатылып, іске қосылды. Ал оптикалық интернет қамту үлесін 75 пайызға жеткізу межеленген. Қаладан шалғай орналасқан 15 елді мекенге талшықты оптика желісі қойылады. Тұрғындардың IT сауаттылығын арттыру мақсатында «CIFRO» және робопарк бағдарламалау мектептері ашылды. Онлайн платформа веб сайттарды әзірлеу, ІОS, андройд платформасында қосымшалар әзірлеу, анимация жасау, ойындар әзірлеу секілді курстар оқытылуда. Салаға тартылатын инвестиция көлемін арттыруды, интернет күшін жоғарылату бойынша қосымша жоспар жасауды тапсырды. Жалпы үшінші мегаполисте сапалы интернет мәселесін тұрғындар жиі көтереді. Әсіресе, аталған түйткіл қаладан шалғайда жатқан елді мекендер мен шағынаудандарда өзекті болып отыр. Дегенмен қолға алынып жатқан жұмыстарды жоққа шығаруға да болмайды. Күні бүгінге дейін жоғарыда атап өткеніміздей үшінші мегаполистегі бірнеше шағынауданға базалық станция орнатылды. Сәйкесінше, аталған өңірлердегі интернет мәселесі де шешімін тауып отыр. Жалпы қалада интернет мәселесі әлі толық шешілмеген елді мекендер мен шағынаудандар бар. Дегенмен ағымдағы жылдың өзінде бірнеше базалық станция орнатылды. Осының арқасында тұрғындардың сапалы интернетке қолжетімділігі арта түсті.