БЕРЕКЕ БАСТАУЫ — БІРЛІК

81
0

Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Елімізде қаншама ұлт пен ұлыс тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Өз кезегінде, ұлттардың бірлігі мен ынтымағын насихаттайтын шаралар да ұйымдастырылып келе жатыр. Оның ішінде үшінші мегаполисте атқарылған шаруа аз емес.

Шымкенттегi «Мирас» шағынауданында маңызды  кездесу өтті. Оған жергілікті ақсақалдар, белсенді тұрғындар қатысты. Кездесуде  қалалық «Қоғамдық келісім» мекемесі мен Қаратау ауданы әкімдігінің қызметкерлері және қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы қоғамдық құрылымдардың өкілдері тұрғындармен  аталған аумақта қалыптасқан этносаралық ахуал, қоғамдық келісімді сақтау мен құқықтық тәрбие жайы жан-жақты сөз қылып, талқылады. Өйткені бүгінгі қоғамдағы түбегейлі өзгерістер халқымыздың ауызбірлігін, белсенділігін, әр азаматтың жеке басының жауапкершілігін талап етеді. Қоғамдағы келісім мен бейбіт өмір, саяси тұрақтылық үшін  аянбай еңбек ету өте маңызды. Ел тыныштығына мән беру – міндет. Айта кетейік, жыл басынан берi «Мирас» шағынауданына ақпараттық-түсіндіру тобы бірнеше рет келiп, қоғамдық келісім саласына қатысты тұрғындардың ұсыныс-пiкiрлерiн тыңдау бағытында мақсатты кездесулер өткiздi. Алдағы уақытта да бұл кездесулер жалғасып, көтерілген мәселелер маңызын жоймайды. Жалпы елдің бірлігі мен ауызбіршілігі қазіргідей алмағайып кезеңде өте маңызды. Әлемде орын алып жатқан саяси оқиғалардың өзі қарапайым келіспеушіліктен шығып жатқанын көріп отырмыз. Ұлттар арасындағы араздықтың өзі қанды қырғынға ұласқанын Таулы Қарабахтағы жағдай айқын көрсетті. Қала берді, бүкіл әлем зардабын көріп отырған Украина мәселесінің өзі халық арасында туындаған келіспеушілік пен араздықтан болып отыр дегенді сарапшылар да жиі көтеретін болды. Сондықтан көпұлтты мемлекет үшін бірлік пен келісімнің маңызы айрықша. Ал бұл бағытта елімізде қыруар іс қолға алынып, жүзеге асырылып келеді. Ұлттар мен ұлыстардың ынтымағын насихаттайтын шаралар ұдайы өткізілуде. Мұның өзі ел аумағындағы тыныштық пен берекенің ұйытқысы болып отырғаны жасырын емес.