МЕДИЦИНА САЛАСЫ НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ

73
0

Шымкент қаласында медицина саласының дамуына айрықша көңіл бөлініп келеді. Биылдың өзінде үшінші мегаполис аумағындағы бірқатар медициналық мекемелердің ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Материалдық-техникалық базасы да нығайып келеді. Бұдан бөлек, дәрігерлердің біліктілігін арттыру мақсатында өзге елдерден білікті мамандар шақыртылып, біліктілікті арттыру ісіне де айрықша көңіл бөлініп жатыр. Нәтиже де жоқ емес.

Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасының хирургтері 5 жастағы балаға тың әдіспен күрделі ота жасалды. Науқас бала ауыр жағдайда жедел жәрдем қызметімен қалалық клиникалық балалар ауруханасына жеткізілген болатын. Баланың оң тізе астынан қан кету, сондай-ақ, төмен бөлігінің көгеруі, мұздауы сынды белгілермен жансақтау бөліміне жатқызылған. Тексеру барысында мамандар оның оң тізе асты артериясы мен тамырының толықтай кесілгенін анықтады. Егерде балаға шұғыл түрде ота жасалмаса, аяғындағы жарақаты асқынып мүгедек болып қалу қаупі басым екенін түсінген дәрігерлер ота жасауға кіріседі. Хирургтар науқас баланың тамырларының диаметрінің кішкентай болуына байланысты, микроскопиялық LEICA ONX аппаратының көмегін пайдаланды. Нәтижесінде, мамандар үзілген тізе асты артериясын ұшпа-ұш жалғап тігіп берді. “Отадан кейін аяқтың төменгі бөлігіне қан барып, жылып, тобық аймағында пульс пайда болды. Баланың қазіргі жағдайы қанағаттанарлық, үйге шығуға дайындалып жатыр. Тамырдың жарақатына дер кезінде жоғарғы медициналық көмекті дұрыс көрсетпеген жағдайда, көбіне дистальды бөлігі өкінішті жағдай ампутациямен аяқталуы мүмкін. Ата-аналарға балаларына көңіл бөліп, қауіпсіздік шараларын сақтап жүруге шақырамыз”-дейді бөлім меңгерушісі Олжас Шынтасов. Жалпы соңғы уақытта Шымкент қаласында медицина саласы жоғары қарқынмен дамып келе жатыр. Үшінші мегаполистегі бірқатар медицина нысандары қайта жөндеуден өтіп, мүмкіндіктері артуда. Бұлан бөлек, материалдық-техникалық база да жақсара түскен. Нәтижесінде қызмет көрсету саласында ілгерілеушілік айқын байқалады. Бұдан бөлек, ақ халаттылардың кәсіби біліктілігін жоғарылату бағытында да ауқымды бастамалар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Бұл нәтижесін де бере бастаған. Бұрындары ауыр оталарды жасату үшін шетел асатын еді. Бүгінде мұндай операциялар қаланың өзінде де жасалып жатыр.