МАЯТАСТА ИГІ БАСТАМАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА

84
0

Жуырда үшінші мегаполистің әкімі Мұрат Әйтенов қаладан шалғайда орналасқан елді мекендерде орнатылып жатқан ирригациялық жүйелердің құрылыс барысын тексерді. Сонымен қатар жергілікті тұрғындармен кездесіп, мәселелерін де тыңдады. Қала басшысы табан тіреген елді мекеннің бірі — Еңбекші аудан аумағына қарайтын Маятас тұрғын алабы.

Қазіргі таңда Қ.Нысанбайұлы көшесі бойына ирригациялық науалар орнатылуда. Жалпы Еңбекші ауданы бойынша Тоғыс, Маятас, Бадам-1 тұрғын алаптары мен Шаңырақ шағынауданында жалпы ұзындығы 1,6 шақырымды құрайтын арықтар қазылуда. Екі ай бұрын басталған жұмыс қазан айында аяқталады. Құрылыс жұмыстарының сапасы мен ауқымын межелеген қала әкімі бұған дейін берген тапсырмаларының тиянақты орындалуын талап етті. Сөз барысында «Ауа райының қандай болатынын болжап біле алмаймыз және мол жауын-шашын жауғанда дайын болу үшін аумақтағы арыз-атыздар салынып бітуі керек» деді шаһар басшысы. Айта кетейік, былтыр аудан аумағында 13 мекенжайда жалпы ұзындығы 3,3 шақырымды құрайтын ирригациялық арықтар орнатылды. Ал биыл жауын-шашын шамадан тыс жауып, 52 мекенжайда су көлдеген. Су басудың алдын-алу үшін бірінші кезекте ұзындығы 7,3 шақырымды құрайтын 21 нысанға ирригациялық жүйелер салу жоспарланды. Қазірге дейін 14 мекенжайда жалпы ұзындығы 5,3 шақырым болатын арықтар орнатылып жатыр. Жұмыстар бітуге жақын. Олар – Қарабастау тұрғын алабы, Бойыт ата, Қаратөбе, Гулабад, Қаратөбе, Наурыз, Тоғыс, Керуенсарай, Бадам-1 тұрғын алабтары, Досметов, Ш.Уалиханов №190, Қызғалдақ,Теріскей №47, Сайрам №38а, Өркен, Б.Момышұлы, Саяжол. Қалған 31 мекенжайға ирригациялық жүйелер 2023-2025 жылдар аралығында жүргізіледі. Бұған дейін қала әкімі күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан каналдарға барып, іс барысын бақылаған болатын. Біраз уақыт бұрын “Чучмак” және “Көк” каналдарындағы күрделі жөндеу жұмыстарын кешіктірген мекемелерге 10 млн тг көлемінде айыппұл салынған. Қазіргі кезде құрылыстың 80% бітті. Жоспар бойынша қараша айында ел игілігіне берілуі тиіс. Ол үшін қыркүйек айының 10-ынан бастап ағын судың тоқтайтынын шаруаларға алдын ала ескерту керек. Осылай деген шаһар басшысы ауылшаруашылығы және табиғат басқармасына түсіндіру жұмыстарын жіті жүргізуді тапсырды. Бұдан соң қала әкімі “Шапырашты”, “Сай ниже водопада” каналдарының да күрделі жөндеу жұмыстары барысын көрді.