ТҰРҒЫНДАРДЫҢ САУАЛЫНА НАҚТЫ ЖАУАП БЕРІЛЕДІ
Шымкент қаласында тұрғын үйге қатысты сауалдары бар азаматтар басқарма басшысының қоғамдық қабылдауына жазылып, сұрақтарына жауап ала алады. Тиісті сала басшысы тұрғындармен жиі кездесу өткізіп, атқарылған жұмыстардың есебін беріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатқанына біраз болды.
Жуырда осындай қоғамдық қабылдаудың бірі өткен болатын. Басқарма басшысы Жанат Өтебаева қабылдауда болған азаматтардың мұң-мұқтаждығын тыңдап, Заңға сәйкес түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Аталған азаматтардың тұрғын үй кезегіне тіркелуге, тұрғын үйді жекешелендіруге, және жеңілдетілген несиелік бағдарламаларға қатысу арқылы баспаналы болудың бағыттарына қатысты сұрақтары тыңдалды. «Баспана мәселесі адам өміріне ерекше ықпалы бар тұрмыстық ахуал екені белгілі. Осыған байланысты біздің басқарма өзіне жүктелген міндет жүгінің қаншалықты жауапты екендігін жете сезіне отырып, сапалы жұмыс атқаруға күш салуда. Бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтерге мұқтаждар кезегінде 49 мыңнан аса азамат тіркелген. Бұл ретте азаматтарды баспанамен қамту мәселесі тек кезек реті арқылы ғана жүзеге асатындығын ерекше атап өтемін»,- деді басқарма басшысы Жанат Өмірсейітқызы. Жалпы биыл тұрғын үй кезегіндегі 748 отбасыны сатып алу құқығынсыз әлеуметтік баспанамен қамту жоспарланған болса, оның ішінде ағымдағы жылы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша — 31, көпбалалы отбасылар – 86, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы бойынша – 95 отбасыға пәтер кілті табысталды. Қалған пәтерлер алдағы уақытта жыл соңына дейін пайдалануға тапсырылатын болады. Бұдан бөлек биыл «Жастар» бағдарламасы бойынша 857 азамат сатып алу құқығынсыз пәтермен қамтылады. Айта кету керек, қазіргі таңда тұрғын үй кезегі арқылы азаматтарға арендалық баспаналар сатып алу құқығынсыз берілуде. Басқарма басшысы бұған дейін тұрғындарды қабылдап көкейлерінде жүрген сауалдарына жауап берген болатын. Жиында барша түйткілдер заң аясында шешілетіні де баяндалған. Алдағы уақытта да аталған бағыттағы қабылдаулар жалғасады. Оған қаланың кез келген тұрғыны қатысып, мазалаған мәселелер бойынша жауап ала алады.